Қар құрсауында қалмайық

Қостанай облысында қыс мезгілінің алғашқы айында жауған қардың көлемі аз болғанымен, кейін үдей түсті. Ақпан, наурыз ақ түтек боранға ұласты. Синоптиктердің айтуынша осы екі айда жауған қардың мөлшері нормадан төрт есеге жоғары болған. Бүгінде қаладағы коммуналдық қызмет мамандары қар тазалау жұмыстарын күшейткен. Мердігер ұйымдардың қазіргі жұмысы туралы қалалық әкімдікте өткен брифингте айтылды.
Қазіргі күні қардың қалыңдығы 31 см. Бұл көрсеткіш былтырғы жылғы нормадан 1,5 есеге артық. Облыс тұрғындары да қалың қардың құрсауында қалып, жолдар жабылып қала ма деп алаңдап отыр.
-Мұндай шамадан тыс қалың қар мен ұйтқыған боран біздің аймақта соңғы алпыс жылда бірнеше рет байқалды. Атап айтқанда, 1963 және 1995-жылдары еді. Бүгінде қалың қарға қоса желдің екпіні де қатты болып отыр. Соның нәтижесінде тас жолдарды қар басып, жол қозғалысына кедергі келтіруде. Қазіргі уақытта біздің аймаққа антициклон жылжып келеді. Оның салдарынан ауа райы күрт салқындайды. Бүгін түннен бастап термометр көрсеткіші -20 градус аязға дейін төмендейді. Бұл температура үш-төрт күнге ұласады. Содан кейін ғана күн жылынады, -деді «Қазгидромет» РМҚ Қостанай облыстық филиалының директоры Лариса Кузьмина.
Қалалық ТКШ бөлімінің басшысы Наурызбай Мусин қала тұрғындарын күн райының қолайсыздығына байланысты қар тазалау жұмыстарына түсіністікпен қарауға шақырды. Бүгінде коммуналдық сала ұйымдары күндіз-түні күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓