Анаға тағзым
Ақтөбе қаласындағы «Анаға тағзым» кешеніне Кәмшат Дөненбаеваның портреті қойылды.
Ақтөбеде бірнеше жыл бұрын рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығы ашылған еді. Үш қабаттан тұратын ғимарат қазақ тарихында ерекше орны бар әйел-аналар туралы сыр шертеді. Мұндағы «Ана даңқы» галериясына бүгін Социалистік Еңбек Ері, тың және еңбек ардагері, қоғам қайраткері, даңқты механизатор, КСРО жоғарғы кеңесінің Ұлттар Кеңесі төрағасының орынбасары, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО екі мәрте жоғарғы «Ленин» ордені, «Құрмет белгісі» медалінің иегері Кәмшат Дөненбаеваның портреті көрнекті жерге орналастырылды. Салтанатты шараға К.Дөненбаеваның ұрпақтары атынан белсенді топ мүшесі Гүлсара Мерғалиева қатысты.
Белсенділер тобының мүшесі Г.Мерғалиева мен облыстық мәслихат өкілі С.Шынтасова.
«Кәмшат Байғазықызы – күллі қазақ әйелдерінің эталоны десек қателеспейміз. Ол екі қоғамда да нәтижелі еңбек етті. Саналы ғұмырында адамгершіліктің, адалдықтың үлгісі бола білді. Ардагерлер ұйымы Республикалық қоғамдық бірлестігінің Орталық Кеңесінің мүшесі ретінде де белсенді жұмыс істеді. Қазақстанның құрметті азаматы атанды. Тракторды тізгіндеп жүріп, отбасы берекесін де ұмытпады. Мұсылмандық бес парызын орындап, қарапайымдылығынан танбады. Жас буын Кәмшат анамызды өнеге тұтып өссе дейміз», – дейді К.Дөненбаеваның портретін «Анаға тағзым» кешеніне қою идеясының авторы, Ақтөбе облыстық сотының төрағасы Асламбек Мерғалиев.
Айта кетелік, Асламбек Амангелдіұлы бұған дейін Қостанай облыстық сотының төрағасы болып жемісті қызмет атқарған болатын.
Жерлесіміз Кәмшат Дөненбаевамен бірге «Ана даңқы» галереясына бүгін бірнеше ананың бейнесі қойылды. Атап айтсақ, мемлекет қайраткері М.Оспановтың анасы Оспанова Рауза Зейноллақызының, «Әлем дәрігері» құрметті атағының иегері С.Ақшолақовтың анасы Сағынай Жалмұратқызының, қоғам қайраткері Қ.Бәйменованың анасы Кубысова Ақлима Мағзомқызының портреттері кешеннің қорын толықтырды.
Г.Мерғалиева мен Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы А.Юнисова.
«Елі үшін еңбек етіп, халықтың баласы атанған тұлғаларды дүниеге әкелген ақ жаулықты аналарды құрметтеп, олардың өмір жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ете отырып, ананы сыйлауға, қорғауға тәрбиелеу біздің негізгі мақсатымыз», – дейді шараны ұйымдастырушылар.