«Аруана ақынмен» көріскен күн
Батыс өңірдегі Отпантаудан басталатын Амал мерекесі жыл өткен сайын Ұлы Даланың барлық түкпіріне тарап келеді. Ұлыстың ұлы күнінің әлқиссасы саналған бұл мейрам бағзыдан байырғы мекенімізде кең көлемде тойланып келгенмен, кеңестік дәуірде ұмыт қалып еді.
Мемлекет басшысы биыл Наурызды 10 күн, яғни үшінші айдың 14-нен 23-не дейін тойлау жөнінде ұсыныс жасады. Жобада Наурыз мейрамын тойлауға байланысты іс-шараларды 10 күн бойына өткізу жоспарланғаны көрсетілген. Мәдениет және спорт министрлігі Президенттің тапсырмасы аясында «Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасын бекіту туралы» үкімет қаулысының жобасын әзірледі. Тұжырымдамаға сәйкес 14 наурыз – «Көрісу күні» болып бекітілді.
Амал мерекесі күні облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығы үлгі боларлық бастама жасап отыр. «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» шарасы аясында орталық қызметкерлері ҚР Мәдениет қайраткері, айтыстың белгілі майталманы Әлпия Орманшина анамыздың шаңырағына барып, көрісу рәсімін өткізіп келді. Әлфия Кәрбозқызы – тәуелсіз Қазақстан тарихында айтыстағы бас жүлдеге тігілген Ойсылқара інгенін тұңғыш жеңіп алған ақын. Сол себепті, ел арасында «Аруана жетектеген ақын», «Аруана ақын» атанып кетті.
– Қазақта үлкенге құрмет көрсету, қадір тұту ежелден келе жатқан тәрбиелік мәні зор дүние. Ата-бабаларымыз әлімсақтан Ұлыстың ұлы күні қарсаңында, соның ішінде Амал мерекесі күнінен бастап жасы үлкенге, қарттарына сәлем бере барып, ерекше ілтипат жасаған. Қариялардың батасын алған. Әлфия апайымыз – өнер-мәдениет саласындағы үлкен ардагер анамыз. Бір жағы апамыз өзіміздің орталықта қызмет етті. Ол кісі әріптесіміз ғана емес, барлығымыздың ақылшымыз болды. Қазіргі күні де біз ел анасымен үнемі тығыз байланыстамыз. Ұдайы кеңесін айтып, білмегенімізді үйретіп отырады. Ал көрісу рәсімі мұнымен тоқтап қалмайды. Алда өңіріміздің мәдени-рухани өміріне сүбелі үлес қосқан аға буынға бару жоспарымызда бар, – дейді орталық өкілдері.
Сәлем берушілер айтыс ақынына кітаптар сыйға тартып, әннен шашу шашты. «Сыйға – сый, сыраға – бал», Әлфия апай да келген меймандарға ақ тілегін арнап, жырдан арнау арнады.