Инвестиция – игілікке
Облыс экономикасына 2020 жылы 11,0% өсімімен 329,5 млрд теңге инвестиция құйылды. Бұл туралы аймақ басшысы есеп беру жиынында айтты.
Мәлімет бойынша, инвестициялық қаражаттың негізгі үлесі – кәсіпорындардың өз қаражаты – 196,6 млрд теңге немесе 59,7%, бюджет қаражаты – 112,3 млрд теңге (34,1%), ал 20,6 млрд теңге – банк кредиттері және заем қаражаты (6,2%). Инвестицияның ең көп көлемі, бұрынғыдай 2 негізгі салаға тиесілі: өнеркәсіпке – 130,1 млрд тг, ауыл шаруашылығына – 55,2 млрд тг.
"Қостанай облысының Кәсіпкерлікті қолдау картасына (III бесжылдық шеңберінде) жалпы сомасы 230,5 млрд теңге тұратын 18 жоба енгізілді, 2,2 мыңнан астам жұмыс орыны ашылатын болады, оның ішінде 2020 жылы құны 11,5 млрд теңге болатын 5 жоба іске асырылды, 404 жаңа жұмыс орны ашылды, – деді аймақ басшысы. – Қостанай ауданында қуаты жылына 2 мың тоннаға дейін бройлер етін өндіретін агроөнеркәсіптік кешен, Қостанай қаласында өндіріс қуаты жылына 13,6 мың тоннаға дейін сұлы үлпегі мен қауызы өндірісінің цехы, Рудный қаласында қуаты жылына 2 мың тоннадан астам шикізат өңдеу арқылы пеш отынын алатын шиналарды қайта өңдеу цехы салынды".
Мұның сыртында, пандемияның бизнестің экономикалық белсенділігін төмендететін теріс әсеріне қарамастан, шағын және орта бизнес (ШОБ) саласында да барынша оң динамика байқалды. Мәселен, осы жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыста 52,5 мыңнан астам ШОБ субъектісі жұмыс істейді екен, бұл ретте тіркелген субъектілердің жалпы көлеміндегі жұмыс істеп тұрған субъектілердің үлесі 2%-ке ұлғайды және 87,5%-ке дейін жеткізілген.
"2020 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша осы секторда жұмыспен қамтылғандар саны 158,0 мың адамды құрады, өнім шығару 3,1%-ке ұлғайды және 805,3 млрд теңгені құрады. Жалпы өңірлік өнімдегі ШОБ үлесі 28,4%-ке дейін жеткізілді. «Бизнестің жол картасы 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде, 2010 жылдан бастап, қатысушылар 4 924 жаңа жұмыс орнын ашты. Бұдан бөлек, бағдарламаға қатысушылар 77,2 млрд. теңге салық аударымдарын төледі", – дейді Архимед Бегежанұлы.
Осы бағдарлама шеңберінде 2020 жылы сомасы 46,5 млрд теңге болатын 827 жоба мақұлданған, оның ішінде 31,9 млрд теңге кредит 462 жобаны субсидиялауға, 14,6 млрд теңге 365 кредитті ішінара кепілдендіруге бағытталыпты.