Көшіп келушілер көбейеді

Тұрғындар тығыз орналасқан аймақтардан жұмыс күші аз өңірлерге азаматтарды көшіру жұмысы биыл да жалғасады. Үстіміздегі  жылы Қостанай өңіріне  445 адам қоныс аудармақ.Алайда, әзірге олардың нақты қандай аудан-қалаларға баратыны белгісіз. Себебі, көшіп келушілердің квотасы әлі бекітілген жоқ.  Жергілікті атқарушы билік қоныс аударушыларға жан-жақты қолдау көрсетеді. Алдымен, отағасы мен әрбір отбасы мүшесіне 35 АЕК (102 мың теңге) көлемінде субсидия қарастырылған. Сондай-ақ жыл ішінде ай сайын оларға тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерді төлеу шығындары өтеледі. Қалаға көшкендер үшін – отбасындағы адам санына байланысты 30 АЕК дейін (87 мың 510 теңге), ауылдарда 21 АЕК дейін (61 мың 257 теңге) беріледі. Өңірге келген азаматтарға 525,1 мыңнан 1,1 миллион теңгеге дейін біржолғы қаражат беріледі. Бұл қаржыны тұрғын үй сатып алуға пайдалануға құқылы. Басты шарт – әкімдікпен алдын ала сату-сатып алу шартын жасау.
Көмектің келесі түрі – жұмыс мәселесі. Көшіп келушілерге жергілікті әкімдік тұрақты жұмыс тауып беруге міндетті. Тілек білдірушілер «Бастау-Бизнес» жобасы шеңберінде қайта даярлау және оқыту курстарынан өте алады, сондай-ақ өз ісін ашуға грант алады. Субсидия қоныс аударушы әлеуметтік келісімшартқа қол қойғаннан кейін ғана төленеді. Құжатта оның жұмысқа орналасуы және аймақта бес жыл тұруы керектігі жазылған. Шарттарды орындамағандар төлемдерді толық көлемде қайтаруы тиіс.
Айта кетерлігі, Қостанайға басқа облыстардан 2016 жылы – 19, 2017 жылы 30 ғана отбасы қоныс аударған. 2018 жылы бұл көрсеткіш 10 есеге ұлғайды. Ал 2020 жылы облыс 272 отбасын қабылдады.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓