“Еңбектің” еселі үлесі
2020 жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының іс-шараларын іске асыруға 8,1 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы аймақ басшысы есеп беру жиынында айтты.
"Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша кәсіптік оқытуға 1 486 адам жіберілді, оның ішінде ТжКБ (техникалық және кәсіптік білім) бар кадрларды даярлауға – 950 адам, қысқа мерзімді оқытуға – 536 адам. Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау шеңберінде екінші бағыт бойынша 702 шағын несие берілді, «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 1 546 адам жіберілді, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 619 адамға грант берілді. Бағдарламаның «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» үшінші бағыты бойынша әлеуметтік жұмыс орындарына 637 адам, жастар практикасына 693 адам, қоғамдық жұмыстарға 4 200 адам жіберілді", – деп баяндады облыс әкімі.
Облыс бойынша 2020 жылы барлығы 38 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. 32 мың жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 14 мыңы – Жұмыспен қамту жол картасы жобаларында, оның шеңберінде 280 инфрақұрылымдық жоба іске асырылды және 53 млрд.теңгеден астам қаражат игерілді.
"2021 жылы халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға тарту жөніндегі іс-шаралар жалғасатын болады. Жұмыспен қамту шараларымен 20 мыңнан астам адамды қамту, 18 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. 2021 жылы «Еңбек» бағдарламасын іске асыруға 9,1 млрд теңге көзделген. 2020 жылы «Еңбек» бағдарламасы өзектендірілді және оның мақсаты – табысы аз, көп балалы аналарды бизнеске тарту. Халықтың осы санаттары үшін несие берудің жеңілдетілген шарттары қарастырылған", – дейді А.Мұхамбетов.