Жауын дән себуге кедергі
Екі аптадан бері толассыз жауған жаңбыр көктемгі дала жұмысына кедергісін келтіруде. Осы уақыт аралығында облыс бойынша орташа есеппен 45 мм. дейін ылғал түскен. Ал, Жітіқарада 71 мм, Меңдіқарада 92 мм, Ұзынкөлде 70 мм. шамасында жаңбыр жауған. Демалыс күндеріндегі нөсер жер емген қауымды қозғалтпай тастапты. Қостанай облысы ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Сембай Сағындықовтың есебіне жүгінер болсақ, көктемгі дала жұмысы бастау алған 15 мамырдан бері облыс бойынша 127 мың гектар жерге дән себілді. Бұл жалпы алқаптың тек 3,1% ғана. Яғни, өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 3 есе кем.
– «Уақыт тығыз. Енді қалған 10-12 күнде егін егу науқанын аяқтауымыз қажет. Сондықтан шаруашылықтар күн-түн демей далада тер төгуде. Әлі 4 млн. гектер жерге дән себу қажет. Тәуліктік норма 300 мың гекртар болса, қазір тек 50 мың гектарды игеру мүмкін болып отыр» – деді ол.
Тұқым мен жанар-жағар майдан тапшылық жоқ. Техника да жеткілікті. Тек, күн ашылса болғаны. Өңіріміздің оңтүстік аумақтарында күн құбылып тұр. Ал, солтүстік және шығыс аумақтарға төнген қара бұлт әсте сейілер емес. Жергілікті билік осыған алаңдаулы.
Дән себу науқанын 3 маусымға дейін аяқтау жоспарланған. Одан кеш себілген дән – күзгі ораққа кесірін тигізуі ықтимал. Тығырықтан шығар амал іздеген Тобыл өңірінің басшысы дала жұмысын дер кезінде аяқтаған диқандарды қатардан қалғандарға көмекке жұмылдыру қажеттігін айтады. «Бұл бәріміздің ортақ ісіміз. Жұмыла көтерсек, жүгіміз жеңілдейді» – деген еді аппарат жиынында осы мәселені көтерген облыс әкімі Нұралы Садуақасов.
Бірақ, бұл жауынның пайдасын да жоққа шығаруға болмайды. Мамандардың пайымдауынша, жер ылғалдылығының жоғары болуы күзде мол астық алуға мүмкіндік туғызбақ. Тек, соны шығынмен ысырапсыз жинап алсақ игі.
Махаббат Бекбай