Ауыл медицинасына айрықша көмек

Қазір шалғай ауылдағылардың дені басы ауырып, балтыры сыздаса, ем-дом іздеп қалаға қарай жөңкіледі. Дұрыс қой, қу жаннан артық не бар?  Дегенмен, соңғы кезде ауыл медицинасы да дами бастады. Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Облыс орталығынан қашық орналасқан Жанкелдин ауданына жол түскенде былтыр ғана күрделі жөндеу жүргізілген орталық аурухананың жұмысымен таныстық. Жанкелдин аудандық орталық ауруханасы 1975 жылы салынған. Содан бері емдеу орталығына бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілмепті. Аурухананың әбден тозығы жетіп, сиқы кетіп тұр еді. Өткен жылы  «Ауыл-ел бесігі!» бағдарламасы бойынша емдеу орталығының  әкімшілік ғимараты мен хирургиялық бөлімшесіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Айналасы аз уақыттың ішінде нысан ине-жіптен жаңа шыққандай кейіпке еніпті. Ең бастысы жылы, жарық, бөлмелері кең. Барлық палаталар заман талабына сай жабдықталған. Аурухана бөлімшелеріне жаңа жабдықтар сатып алынды. Енді биыл аурухананың айналасына төсемтас төсеу, абаттандыру жұмыстары қолға алынбақ.  Аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Шалқар Болатұлының айтуынша, бүгінде емдеу орталығында кез келген ота жасалады. Тіпті, елордадан келіп, операция жасатқандар да бар көрінеді. Яғни, шалғай ауданға білікті мамандардың келуімен тұрғындардың облыс орталығына, астанаға ат сабылтуы саябырсыған. Соңғы жылдары елге қат мамандарды тартуға «Дипломмен-ауылға!» және «Еңбек» бағдарламаларының септігі тиіп отыр. Мәселен, өткен жылы Торғай өңіріне жоғары білімді үш жас дәрігер көшіп келді. Солардың бірі жетісайлық Малика Мұратқызы. Ол Түркістан облысының тумасы. 2018 жылы Қарағанды мемлекеттік медициналық университетін тәмамдаған соң, жұмыс іздеп «еңбек.кз» порталына жүгінген. Көп ұзамай оған Жанкелдин аудандық ауруханасының Бас дәрігері Қуат Әлмағамбетов хабарласып,  жұмысқа шақырыпты. 
«Мен мұнда отбасыммен көшіп келдім. Кішкентай бөпеміз бар. Соған қарамастан өзім таңдаған мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. Аудан әкімдігі үш бөлмелі пәтер берді, көтермеақымызды алдық. Кейбіреу алыс ауданға барғаныңа өкінбейсің бе деген сияқты сұрақтар қойып жатады. Жоға, несін өкінемін. Отбасым, тұрақты жұмысым бар. Әрине, алдында аздаған қобалжулар болғаны рас. Қалай дегенмен де бұрын-соңды келіп көрмеген жер, бейтаныс орта. Бірақ, бұл жақта да қамқор жандар көп екен. Келген бетте-ақ құрақ ұшып қарсы алып, аяқ-қолымызды жерге тигізген жоқ. Қолдарынан келгенше көмектерін беріп жатыр. Қысқасы, жоғымды түгендеп берді. Ұжым үнемі қолдап отырады. Сондықтан, Торғайға келгеніме еш өкінбеймін»,-дейді провизор-фармацевт Малика Мұратқызы. Аудандық ауруханаға әлі де білікті мамандар жетіспейді. Мәселен, бір акушер-гинеколог, бір фтизиатор,бір жалпы тәжірибедегі дәрігер, бір педиатр, УЗИ, рентеген мамандары және бес бірдей орта буын медицина маманы қажет. Сондықтан, жұмыс іздеген жас мамандарға Торғайға баруға кеңес береміз. Онда тұрмысқа лайық,  жұмыс істеуге қолайлы жағдайдың бәрі жасалған. Жағдай демекші, өткен жылы ауданға бес жедел жәрдем көлігі, автобус базасында жарақтандырылған бір жылжымалы медициналық кешен, КамАЗ базасындағы флюрографиялық кешен, операциялық үстел, босануға арналған трансформерлік кереует, кардиотокограф, неонаталды төсек жанындағы монитор берілді. Бұл шалғай аудан тұрғындарына жасалған қамқорлық екені даусыз. Айтпақшы, биылдыққа ауданда  бірде-бір коронавирус індеті тіркелмепті. «Бізде дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Қазір кез келген сырқатты емдеп жазуға күшіміз толық жетеді»,-дейді Бас дәрігердің орынбасары Шалқар Болатұлы.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓