АҚШ-та шеберліктерін шыңдады
Арқалық қаласының боксшылары АҚШ мемлекеттік департаменті ұйымдастырған екі апталық тәжірибе алмасу бағдарламасына қатысып келді.
"Қайрат" балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бокстан бірінші санатты жаттықтырушысы Марат Сейтмағанбетов пен шәкірттері Жанна Серікова және бүгінгі таңда Қарағанды спорт мектебінде дәріс алатын Торғынбек Әміров "Sports Envoy Boxing" бағдарламасы аясында мұхит асып, спорттық білімдерін толықтырды.
Былғары қолғапшылардың шеберліктерін шыңдап, тәжірибе алмасуларына Қазақстан бокс Федерациясынан барлығы 12 спортшы тартылған.
Эксклузивті бағдарламаға Құрама штат үкіметі демеушілік жасаған. Яғни, қатысушылар үшін жол ақысы, тамақ, жатын орын сияқты барлық төлемдер тегін болған.-Бағдарлама Америка Құрама Штатының Кентукки штаты Луисвилл қаласында, Колумбия федеральды округінде және Вашингтон қалаларында өтті.Сапарымыз сондай қызықты болды. Ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз. Спорттық клубтарда, институттарда кәсіпқой боксшылардың лекцияларын тыңдадық. Тәжірибе алмасып, бірлескен жаттығулар, жолдастық кездесулер өткіздік. Әйгілі боксшы Мұхамед Әли атындағы орталықты тамашалап, ондағы жастар кеңесінің өкілдерімен кездестік,-дейді былғары қолғап шебері Марат Қабдығалиұлы.
Мұрат Жүнісұлы.
Арқалық қаласы.