МӘМС: Облыс тұрғындарының 82,2% сақтандырылған

Қостанай облысында өткен жылдың 1 шілдесі мен осғы жылдың 1 ақпаны аралығында сақтандырылғандардың саны 82 171 азаматқа артты және жалпы саны 710 964 адамға (82,2%) жетіп отыр. Дегенмен, өңірде 153 565 тұрғын әлі сақтандырылмаған көрінеді.
Медициналық сақтандыру қорының Қостанай облысы бойынша филиалының директоры Сәуле Аймұхамбетованың айтуынша, өзін-өзі төлеушілерге сақтандырылған мәртебені екі тәсілмен алуға болады, яғни МӘМС-ке жарна төлеу немесе БЖТ аударымдары арқылы. Бірінші төлем тек медициналық сақтандыруға ғана есептеледі. Екінші төлем МӘМС-тен басқа, зейнетақы мен әлеуметтік аударымға, сонымен қатар табыс салығына саналады. Демек мамандар бұл тұрғыда БЖТ арқылы төлеудің тиімдірек екендігін айтады. Ал, төлемдердің мөлшерін салыстырар болсақ, МӘМС жарнасы 2125 теңгені құрайды. Республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың тұрғындарына БЖТ 2 917 теңгені құрайды, ауыл тұрғындарына 1 459 теңге. Енді тікелей мәртебе бойынша: МӘМС-ке жарна төлеу арқылы сақтандырылған мәртебесін алу үшін алдыңғы 12 айдағы барлық кезеңдерді төлеу қажет. Мысал ретінде, 2021 жылдың ақпанында емханаға қаралу үшін жарналар 2020 жылдың ақпанынан ағымдағы жылдың қаңтарына дейін төленуі керек, ол 25 500 теңгені құрайды.
-БЖТ төлемі арқылы мәртебе алу үшін төрт ай қатарынан төлемдер жасау қажет, төртінші айда мәртебе сақтандырылған. Мысалы, егер ауыл тұрғыны жақын арада емханаға баруды жоспарламаса, ол мәртебені 2021 жылдың ақпанынан бастап ай сайын 1459 теңгеден төлей бастағанда, мамыр айында сақтандырылған болып саналады. Бұл, әрине, отбасылық бюджеттің жеңіл нұсқасы. Бірақ БЖТ-нің барлық артықшылықтарымен бірге бір шарт бар, төлемдер үздіксіз болып, бір айды жіберіп алмау керек, өйткені 1 наурызда ақпан айы үшін БЖТ төлеу мүмкін болмайды. Дегенмен, БЖТ-ді алдағы айларға төлеуге болады, көптеген тұрғындар БЖТ-ді 2021 жылдың соңына дейін төлеп үлгерген, – дейді С.Аймұхамбетова.
Мамандардың сөзінше, жұмыс істейтін азаматтар мен кәсіпкерлердің көп бөлігі МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған. Бұл төлемдердің үздіксіз болмауына немесе аударымдағы қателіктерге байланысты болған. Сондықтан филиал мамандары азаматтардың өзінің сақтандыру мәртебесін мезгілімен тексеруге шақырады. Мұны келесі сервистер арқылы жасауға болады:
  • Qoldau 24/7 мобильді қосымша арқылы (бас мәзірде «сақтандыру мәртебесін анықтау»)
  • Telegram-да Saqtandyrybot (бас мәзірде «сақтандыру мәртебесін анықтау»)
  • Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қорыfms.kz сайтында (төменгі оң жақ бұрыштағы қалқымалы терезе)
  • Электрондық үкімет egov.kz сайтында (жеке кабинетте немесе «Медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысу туралы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне аударымдар мен (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат беру» қызметіне тапсырыс беру арқылы )
  • 1406 нөмері арқылы медициналық сақтандыру Қорының қоңырау орталығына хабарласу арқылы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓