Сұлулық сыры – күтімде

Мемлекеттік бағдарлама арқылы кәсіп ашып, нәпақасын тауып жүргендердің қатары күн санап артып келеді. Олардың қатарында Қостанай қаласынан «Jean Tomi» атты сұлулық салонын ашқан Жанат Рахимбаева да бар. Ол «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 10 млн теңге қаражат алып, кәсібін бастап кеткен.
– Сұлулық саласына мен заң саласынан 2016 жылы келдім. Арнайы курстарды оқып, бет әрлеумен айналыса бастадым. Осы сала бойынша өз білімімді жетілдіріп, тәжірибе жинағым келді. Халықаралық санаттағы әрлеу шебері Сания Ілиясованың курсынан өттім. Басқа салондарда жұмыс істеп жүріп, сұлулыққа қызығушылығым оянған сәттен бастап, жеке сұлулық салонын ашқым келді. Сөйтіп, мен 2020 жылдың маусым айында «Даму» қоры мен банкке жүгініп, сұлулық салонын ашқым келетінін айттым. Олар маған қандай бағдарламалар бар екенін түсіндіріп берді. Мен бизнес-жоспар мен салонның эскизін ұсынып, оны сәтті қорғап шықтым. Нәтижесінде күз айында бізге қаражат беріліп, «Қостанай плаза» ойын-сауық орталығынан салонымды аштым. Берілген қаражатқа салонға қажетті заманауи құрал-жабдықтарды сатып алдым, – дейді Жанат Рахимбаева.
Қазіргі таңда кәсіпкер 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ол алдағы уақытта шәкірт тәрбиелеп, кәсібінің көлемін ұлғайтып, одан әрі кеңейткісі келеді.
– «Jean Tomi» сұлулық салонында шаш қию, бояу, сәнді шаш үлгісі, маникюр, педикюр, макияж жасалып, косметолог пен лазерлік эпиляция шебері т.б жұмыс түрлері бар. Сондай-ақ, әр түрлі жастағы балаларға арнайы жиһаздармен жабдықталған бөлек бөлмесі бар мұндай салон Қостанай қаласында алғаш рет ашылып отыр. Қызмет көрсету бағасына келер болсақ, халыққа қолжетімді деп айта аламын. Болашақта кәсібімді кеңейту жоспарымда бар, ол енді уақыттың еншісінде, – дейді кәсіпкер.
Еңбектенген адам табысқа жетері сөзсіз. Сұлулық салонын ашып, жұмыс істеу – кез келгеннің қолынан келе бермесі анық. Сондықтан келешегінен мол үміт күттіретін кәсіпкердің ісіне береке мен толағай табыс тілейміз.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓