Өңірдегі ұлттық өнердің бойтұмары. Әйгілі “Ақжелеңнің” концерті өтті
Астықты аймақтың өнердегі бойтұмары «Ақжелең» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің мерейтойлық концертін көрермен көптен күтті. Залда өзгеше бір атмосфера орнады. Елдің құрметі мен сағынышы сезіліп тұрды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары құрылып, мәдениеттегі бойтұмарына айналған өнер ұжымы отыз жыл бойы Тобыл-Торғайды жерін әсем әуенімен әлдилеп қана қоймай, өңір өнеріне зор серпін беріп, шуағын шаша білді. Кәсіби ұжым үлкен аманат арқалап, қазақтың өнерін танытты. Сол себепті де кеш «Аманат» деп аталды.
Бүгінгі кешке мәртебелі меймандар арнайы келді. Олардың алдыңғысы композитор, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ермұрат Үсенов.
–Тобыл-Торғай жері мен үшін өте ыстық. Қостанай өңірінде жаңаша леп пайда болып, қазақ өнерінің иісі шығып, осындай ұжымдар құрылды. Оның әр репертуарына зер салған Назымбек бауырымыз еді. Амал нешік. Көңілге дему болары бастаған ісі өшпей, өркендеп келе жатқаны қуантады. Өнерді қадірлеген азаматтардың арқасында «Ақжелеңге» арнап көптеген шығарма жаздым. Бүгін де қос бірдей шығармамды арнаймын, – деп ақ тілегін арнады.
Осы кеште тарихи сәтке куә болып, ағамыз Тобыл-Торғайдың өнердегі тұлғаларына арнап «Сәулетті Тобыл-Торғайым» атты жаңа ән шығарып, туындының тұсауы кесілді. Сөзін жазған – ақын жерлесіміз Абылай Мауданов. Жаңа әнді халықаралық байқаулардың лауреаты, жезтаңдай әнші, Тараз қаласынан арнайы келген қонақ Жанатбек Кәдіров орындап берді. Кеште композитор жерлесіміз Шолпан Қорғанбек «Аманат» күйін арнады.
Мәдениет саласының ардагері, «Ақжелеңнің» құрылуына ықпал болған өнер-руханиятымыздың жанашыры Римма Ғабдолқызы мен ұжымның алғашқы көркемдік жетекшісі, Қызылордадан арнайы келген белгілі күйші, «Ерен еңбегі үшін медалінің иегері» Әлімжан Әбсадық ағамыз да өздерінің ақжарма тілектерін арнап, өткенді еске алып, құттықтауларын жеткізді. Әлімжан аға қара домбырасын қолға алып, халықтың сұрауы бойынша бір күйін орындады.
Тобыл жеріне жалындап келіп "Ақжелеңнің" іргесін қалап, уығын қадаған кешегі албырт жастар бүгінде үлкен төр ағасы, ел анасы атанып отыр. Алды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мәдениет саласының үздігі. Ұзақ жыл ансамбльдің көркемдік жетекшісі болған, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, марқұм Назымбек Молдахметовтің есімін сағынышпен еске алмау мүмкін емес. Ансамбльдің Қостанай жеріне келуіне бірден-бір себепкер тұлға және оның репертуарының көбейуіне бар күшін салып, аямай еткен еңбегі еш кетпеді. Бүгінде филармонияның қазақ халық аспаптар оркестрі Назымбек Молдахметовтің атында. Ізбасары, дарынды домбырашы Ыбырай Есжанов бүгінде ансамбльдің жетекшісі. Шәкірті өнердегі ұстазына деген толқынысын «Сағыныш» күйі арқылы жеткізді.
Бүгінгі концертке дәстүрлі әнші, сырнаймен ән орындау дәстүрін насихаттап жүрген өнер иесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Клара Төленбаева елордадан арнайы келіп, ансамбль сүйемелдеуімен бірнеше әнін орындап, көрерменнің қошеметіне бөленді.
Өнер тарландарын облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов құттықтап, бірқатар азаматтарға облыс әкімінің марапатын табыстады.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
Видеоларды түсірген Әсел ҚИБАШ