Меңдіқара ауданына іссапар
Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов жұмыс сапарымен Меңдіқара ауданына барды. Бұл туралы Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Алдымен, өңір басшысы өсімдік және мал шаруашылығымен айналысатын «Олжа Боровское» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Мұнда барлық ауыл шаруашылығы алқабы 55 198 га-ға жетеді. Ірі қара малдың саны – 1200 бастан астам.
Сондай-ақ, кәсіпорын базасында «1000 отбасылық ферма» жобасы іске асырылуда. Бағдарлама мақсаты – ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту. Қазіргі уақытта жоба аясында Молодежный ауылында 7 адам 100 бас ІҚМ алған.
Бұдан соң ол Боровской ауылындағы «Саят» азық-түлік дүкеніне барып, әлеуметтік сөрелердігі тауар құнын тексерді. Бұл – азық-түлік және аралас тауарлар сататын дүкен. Аталған жоба 2019 жылы «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 28 млн теңгеге іске асырылды, оның ішінде 11 млн теңге кәсіпкердің жеке қаражаты.
Кейін облыс әкімі «Мастер Класс» жиһаз цехына барды. Бұл цех 2003 жылы жеке қаражат есебінен ашылған. 2021 жылы «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша оларға 3,2 млн теңге бөлініпті. Бұл қаражатқа өндірісті жақсарту үшін қажетті жабдықтар сатып алынды.
Өңір басшысы А.Шотаев атындағы Боровской мектеп-гимназиясына барды. Ғимарат 1982 жылы салынған. Қазіргі уақыттағы оқушылардың жалпы саны – 719. Бұл мектеп жөндеуді қажет етеді, қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Құзыретті органдарға қажетті тапсырмалар берілген.
Сапар соңында Архимед Мұхамбетов Меңдіқара ауданының әкіміне ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалын дамыту бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды.