Еңбек еткісі келген жанға жұмыс табылады тек ниет пен құлық болса…
Елбасы өз Жолдауында Қазақстан халқының өмір сүру сапасын арттыру жөнінде Үкіметке бірқатар нақты тапсырмалар беріп, тұрғындарды жұмыспен қамтудың түбегейлі жаңа стратегиясын әзірлеу міндетін жүктеген болатын. Соған орай, елімізде "Жұмыспен қамту–2020" бағдарламасы қабылданды. Осының нәтижесінде, елімізде 1,5 млн. қазақстандық жұмыспен қамтылып, кедейлік көрсеткішін алты пайызға дейін азайту жоспарланып отыр.
Жанкелдин ауданында да атал-ған бағдарламаның арқасында жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздар саны азайып келеді. Аудандық Жұмыспен қамту орталығының директоры Төлеген Нүретденнің айтуынша, бағдарлама бойынша аудан тұрғындарын қайта даярлау курстары, әлеуметтік еңбек орындарын құру, жастар тәжірибесін ұйымдас-тыру және ауыл аймақтардағы әлеуметтік нысандарды жөндеу сияқты жұмыстар арқылы еңбекке жұмылдыру көзделген. Бұл мақсаттарға республика бюдже-тінен 6 млн. 936 мың теңге бөлініпті. Жалпы, жыл басынан бері орталыққа жүгінген 554 адамның бүгінге дейін 522-сі бағдарлама қатысушысы атанған. Бірақ, биыл ауданда бағдарламаның бірінші бағыты аясында, яғни инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бойынша бірде бір жоба енгізілмеген. Есесіне, келер жылы бес бірдей жобаға 41 млн. 449 мың теңге бөлінгелі отыр. Бұл қаражатқа Тәуіш ауылындағы Қаратүбек орта мектебі, клуб пен шағын орталық, сондай-ақ аудандық орталық ауруханаға жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Осы жұмыстардың арқасында 130 адам екі қолға бір күрек табатын болады.
– Жұмыссыздық мәселесі қай қоғамда болмасын бірінші әрі өзекті мәселе болып келеді. Осыған орай, елімізде жолданатын, қабылданатын, талқыланатын негізгі құжаттардың түп төркіні де халықты жұмыспен қамтуға арналады. "Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020" бағдарламасы да тұрғындарды еңбекпен қамтудың қамын күйттейді. Бүгінде бағдарлама аясында жұмыссыздардың білімі мен біліктілігін арттыруға, жастар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұған қоса, шағын несиеге қол жеткізудің арқасында кәсіп ашып не болмаса бар бизнестерін кеңейтіп жатқандары қаншама. Сондықтан, тұрғындар жиырмасыншы жылға дейін осы бағдарламаның мүмкіншілігін пайдаланып қалуға ұмтылса екен дейміз. Себебі, бұл халық үшін жасалып отырған үлкен мүмкіндік, – дейді Төлеген Нүретден.
Соңғы жылдары ауданда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және тірек ауылдарды дамыту жұмыстары да жақсы жолға қойылып келеді. Осы бағыт бойынша екі жыл ішінде ауданда 26 адам шағын несие алып, оларға 42 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалыпты. Негізінде, несие алушылардың дені мал шаруашылығымен айналысуға алады екен. Сонымен қатар, шағын наубайхана мен техникалық-бақылау стансасын ашуға, компьютер орталығына, қонақ үйге қажетті жабдықтар, жүк көлігін сатып алуға, бау-бақша өнімдерін егуге алғандар да бар көрінеді. Осылайша, ауданда шағын несиенің арқасында шаруасын аяққа тұрғыз-ғандар саны артып келеді.
– "Кәсіптің көзін тапқан, нәсіптің өзін табады" демекші, бүгінде біздің ауданда шағын несие алып, өз істерін бастағандар легі алдыңғы жылдармен салыстырғанда артып келеді. Биылдың өзінде отызға жуық адам несие алуға өтініш білдірді.Соның ішінде он бес адамға 3 млн. теңгеден несие беру үшін 45 млн. теңге бөлінген болатын. Қазіргі таңда бірінші және екінші транш бойынша жиырма адам шағын несиеге қол жеткізді. Нәтижесі де жаман емес, несие алып, жаңа жұмыс орындарын ашқандардың арқасында он алты адам жұмысқа орналастырылды. Жалпы, несие көлемі өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге өсіп отыр. Бұл шалғайда орналасқан Жанкелдин ауданы сияқты өңірлерге жаман көрсеткіш емес, – дейді орталық директоры Т.Нүретден.
Ауданда жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу жұмыстары да жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылы әлеуметтік жұмыс орындарына жоспар бойынша он адам тартылуы тиіс болса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш жиырма адамға жетіп отырған көрінеді. Соның ішінде он адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл мақсатқа республика бюджетінен бөлінген 2 млн.525 мың теңгенің бүгінге дейін 91 пайызы игерілген екен. Осы орайда, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жандарға қолдау білдіріп, жұмыспен қамтуға жәрдемдесуде аудан кәсіпкерлерінің де үлесі қомақты. Жыл басынан бері әлеуметтік жұмыс орындарына 13 кәсіпкермен келісім-шарт жасалған. Орталық ұйымдастырған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі арқылы 368 адам жұмысқа орналастырылған. Бүгінде бағдарлама аясында бес адам аспазшы, автокөлік жөндеу-ші, кондитер, шаштараз, электр-газ дәнекерлеуші мамандықтарына жіберілсе, қайта даярлау курстарына жіберілген бағдарлама қатысушыларының төртеуі тұрақты жұмыспен қамтылған. Бағдарлама шеңберінде элек-трик мамандығы бойынша біліктілігін арттыруға жіберілген бір адам бүгінгі күні оқуын аяқтап, өз еркімен Арқалық қаласындағы өрт сөндіру мекемесіне құтқарушы болып жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ, қыркүйек айынан бастап ауданда жеті адам кәсіптік білім алуға жіберіліпті.
"Жастар тәжірибесі" арқылы да жоспар бойынша он адам жұмыспен қамтылуы тиіс болса, қазіргі таңда 16 жас маман мемлекеттік мекемелер мен кәсіп-орындарға жіберіліп, соның алтауы тұрақты жұмысқа қалды-рылған. Бағдарламаны жүзеге асыруға ауданға 2 млн.теңге бөлінген, соның бүгінге дейін 1 млн.667 мың теңгесі игеріліпті.
Орталық директорының айтуынша, "Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020" бағдарламасының үшінші бағыты аясында қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу бойынша Қызбел ауылдық округіне қарасты әлеуеті төмен елді мекенге жататын Ұзынқарасу ауыл тұрғындарына Рудный қаласына көшу үшін түсінік жұмыстары жүргізіліпті. Нәтижесінде, ауыл тұрғындарының ішінде Ш.Кажиков деген азамат көшуге ниет білдірген көрінеді. Қазіргі таңда ол аталған бағдарлама бойынша салынған Рудный қаласындағы 117 пәтерлі тұрғын үйге қоныстанып, өз мамандығы бойынша Кеншілер қаласындағы №7 қазақ орта мектебіне дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмысқа қабылданыпты.
– Әрине, қазіргі кезді сонау нарық жылдарымен салыстыруға болмайды. Ол кезде жалғыз Тор-ғай аймағында ғана емес, барлық еліміз бойынша жағдай тым ауыр болды. Елде жалақы, зейнетақы, жәрдемақы дегендер айлап, тіпті жылдап берілмеді, ал қызметтен қысқарып, жұмыссыз қалғандар саны онан сайын арта берді. Бірақ, "көш жүре түзеледі" деген рас, бүгінде халықтың әл-ауқаты түзеліп, ел экономикасы еселенді. Жұмыссыздықты азайту және оны болдырмау мақсатында елімізде қолға алынған көптеген мемлекеттік бағдарламалардың да халық игілігін көруде. Соның ішінде "Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020" бағдарламасының арқасында біздің Жанкелдин ауданында да жұмыссыздар қатары азайып, екі қолға бір күрек тапқандар саны артып келеді. Қысқасы, ауданда жұмыс істей-мін деген адамға жұмыс бар, тек ниет пен құлық болса болғаны, – дейді Төлеген Нүретден.
Қарлығаш
ОСПАНОВА