Тобылдың үш тұқымы Қайтсек оны сақтап қаламыз?
Жақында Түркіменстан астанасы Ашхабадта Біріккен Ұлттар Ұйымының азық-түлік және ауыл шаруашылық саласын ұйымдастыру комитетінің отырысы өткен еді. Түркіменстан, Қырғызстан, Әзірбайжан мен Түркия азаматтарының басын біріктірген жиынға қазақстандықтар да қатысып қайтты. Әлемдік деңгейде ашаршылықтың алдын-алуға бағытталған басқосуды аталған комитеттің штаб-пәтері орналасқан Италия мемлекеті ұйымдастырды. Жиынға біздің жақтан ауыл шаруашылық саласында тер төгіп жүрген ғалымдар барған еді. Арасында, қазақ еліне кеңінен танымал "Қазақ Тұлпары" ЖШС директоры, академик Нәбидолла Кикебаев та бар. Жылқы десе ішкен асын жерге қоятын ағамыз келелі жиыннан келісімен біздің газетімізге сұхбат берген еді.
– Аға, оқырманымызға түсінікті болу үшін БҰҰ қарасты комитеттің немен шұғылданатынын түсіндіріп өтсеңіз.
Біріккен Ұлттар Ұйымының азық-түлік және ауыл шаруашылық саласын ұйымдастыру (FАО) комитеті бар. Штаб орталығы Италияда орналасқан ұйым әлемнің түкпір-түкпіріндегі елдердің жағдайын барлап отырады. Африка елдерін аралап шыққан ұйым өкілдері енді Азияға да назар аударып жатыр. Жұмыр жерді кезіп жүргендер ашаршылықпен күресудің жолын қарастыруда. Соңғы кездері күннің ыси түскені байқалады. Жаһандық жылу температурасының көтерілуіне байла-нысты, тіршілік атаулы өзгеруі тиіс. Қазірдің өзінде жер бетіндегі өсімдіктер мен жәндіктердің, жалпы тіршілік атаулының бірқатар түрлерінің жойылып бара жатқаны белгілі. Күн ысыған мезетте бейімделе алмаған мал мен жанның да қырылуы ғажап емес. Жиын осы нәубеттің алдын-алуға бағытталған.
Басқосу барысында, ерте кезден қалыптасқан, жергілікті тұқымды төрт түлікті сақтау мәселесі көтерілді. Себебі, жаһан өзгеріске ұшырағанда біздер соған тәуелді болып қалуымыз ықтимал. Қазіргі шөп қурап кетсе, біздің жерге сіңіскен қазақы сиырлар мен еділбай қойлар, жыл-қыларымыз ғана қалады. Өкінішке орай, біздің ата-бабаларымыз өсірген тұқымдар-ға қазіргі қоғамда мән бермейтін болған. Барлығы да, малдың асылына, еттісі мен сүттісіне көңіл бөледі. Жылқы баласының шабысқа бейіміне қарайды. Қысылтаяң шақтарда жерімізге үйренген малға қарап қаларымызды ешбірі ескермей отыр. Қазақтың кең даласында жайылып өскен, сан ғасыр бойы азығына айналған аз ғана тұқымдарымыздың қоры сақталмаған. Біздің жақтан барған оқымыстылар осыған ерекше тоқталды.
Мысалы, мен қазақстандық жылқылардың генетикалық ресурсы деген тақырыпты қозғадым. Біздің елімізде әлем үшін ашылмаған, тың жаңалықтар жетерлік. Солардың бірі біздің арғы ата-бабаларымыздың жылқыны қолға үйреткені. Мұны біз Алматы облысына қарасты Тамғалы жерінен табылған тас суреттерден біле аламыз. Сурет біздің эрамызға дейінгі он үшінші ғасырда қашалған. Дәл осындай петроглиф Шығыс Қазақстан облысында да табылды. Ондағы сурет БЭД 3-4 ғасырда салыныпты. Берел қорғанында да жыл-қылар жайында ақпарат алынды. Осыған қарап, біздің арғы тегіміздің жылқыны қолға үйреткенін аңғару қиын емес. Біздің даламызда жылқының жабайы түрлері көп болған. Оны біз құландар жайындағы ертегі, дастандардан естіп білеміз. Тарпаң, керқұлан деген де төрт тағандыларымыз болған. Кезінде Пржевальский деген саятшы қазақ елін кезіп жүргенінде керқұланның біреуін атып алып, өз еліне апарған көрінеді. Содан бері біздің малымыз Пржевальский жылқысы аталып кетті.
Аттың бауырында өскен аталарымыз жылқының өзге түрлерін де баулып баққан. Олардың тұқымдарын сұрыптап, жүріске шыдамды, төзімді қылып баптаған. Мұғалжар, Найман жылқылары мен қазақтың жабысы сусыз, шөпсіз жерде де өсе береді. Қазақы жануардың генетикасын сақтай отырып, Қостанай жылқысын жасап шығардық. Қазіргі таңда, төл тұқымымыз жақсы көрсеткішке ие. Ең бастысы, табиғатымызға төзімді.
Әр елдің ғалымдары бас қосып, жеткен жетістіктеріңізді айтқан екенсіздер. Ғылыми зерттеу жағынан қай елдің мерейі үстем болды деп айта аласыз?
Азиялықтар арасынан қазақ елінің жағдайы жақсы көрінді. Бес мемлекетті салыс-тырғанда біздің генетикалық талдау, сұрыптау, зерттеу жұмыстарын жүргізуде техникалық, ғылыми мүмкіндігіміз кең екені байқалды. Заманауи техникаларды пайдалана отырып, біздер құрып бара жат-қан мал тұқымдарын қатырып, сақтай аламыз. Қырғызы, тәжігі мен басқалары бұл бағытта тұщымды іс тындырмаған сыңайлы. Жалпы, жаһандық мәліметке жүгінер болсақ, күн сайын тіршілік иесінің бір түрі жойылып отыратын көрінеді. Бұл қауіптің біздің де басымызға төніп тұрғаны жасырын емес. Мәселен, ет пен сүт мөлшерін көбейту мақсатында, біздің елімізге шетелдің асыл тұқымды қара малдары көптеп әкелінуде. Ал, өзіміздің сиырымызды сақтайтындай жағдай тіптен жасалмаған. Төл тұқымымызды құртудың аз алдындамыз. Тобыл өңіріне тиесілі үш тұқым – Қостанай жылқысы, Әулиекөл сиыры мен Сұлукөл биязы жүнді қойымыз бар. Жылқымызды сақтап жатырмыз. Сиырларымыз шетелдік төлмен будандастырылып, өзгере бастаған. Ал, қойымыздың соңғысының қашан сойылып кеткенін білмейміз. Өзімізге тиесілі үш тұқымды сақтап қалу біздің басты міндетіміз.
– Расымен де, әкелініп жатқан ірі-қаралардың біздің қысымызға шыдап, сіңісіп кетуі күмән тудырады. Жазы қапырық, қысы қатты Қостанай облысына қай елдің малын қоныстандыруға болады?
Соңғы жылдары мемлекеттік бағдарлама аясында қора-қопсысын кеңейтіп жатқандар жетерлік. Не істесеңіздер де, мал жерге бейім болмаса оны өсіруіңіз екіталай. Біздің жылқы зауытымызда осы бағытта біраз істер атқарылып жатыр. Жыл-қы шаруашылығын жетілдіру үшін, бұрын-ғы жылқыларымызды ғана ұстауымыз қажет. Кеңес үкіметінің дәуірлеп тұрған тұсында біздегі жылқыларды етті, сүтті қылу қолға алынды. Кавалерия аттарын әзірлеу мақсатында, орыстың донын әкелді. Одан туған құлындар сіңісе алмай, қайтадан ұсақталып кетті. Тіршілік атаулыларының барлығы да осылай. Тұқымын түрлендірсеңіз де, қайтадан қалпына келіп отырады. Сондықтан да, қолдағы мал тұқымдарын асылдандыруда мұқият болған жөн.
Ал, біздің малымызды кез-келген жерге бейімдеуге болады. Себебі, тек біздің жерімізде ғана күн 40 градус ысып, 40 гра-дусқа суытады. Бір кездері біздің жылқыларымызды Якутияға әкеткен еді. Бізден алынған жылқылардың терісіне түбіт бітіп, тобықтарына шаша шығыпты. Мұның өзі біздегі тұқымның кез-келген жерге бейімделе алатынын айғақтайды.
– Біріккен Ұлттар Ұйымының бұл жиынына Қазақстан бірінші рет қатысып отыр дедіңіз. Басқосуда тек танысып қайттыңыздар ма, әлде нақты ұсыныс, пікірлеріңіз болды ма?
Біз, алдымызға нақты міндеттерді қойып бардық. Ұсынысымыз, тілектерімізді жеткізіп, ортақ шешімге келдік. Барлығымыздың да діттегеніміз бір болып шықты. Қолдағыны құртпай, қатарын қалыңдату қажет. Ең алдымен әрбір малдың маңдайынан шерткендей ДНК, шығу тегін анықтауымыз керек. Одан кейін жоғалып бара жатқан тұқымдардың ұрықтарын, ДНК-ларын қатырып тастауды қолға алған жөн. Осы тектес ұсыныстарымызды құп көрген комитет басшылары әрбір елдің тиісті сала министрліктеріне резолюция бойынша хат жіберетін болып шешті.
Бір қызығы, осы жиынға қатысқан әрбір елде "FАО" комитетінің өкілдіктері бар екен. Бауырлас елдер өздеріндегі мал мен жәндіктің, өсімдіктердің жойылып кетпеуіне ерекше назар аударған. Мысалы, Түркия мемлекеті осы ұйымға 10 млн. АҚШ долларын аударыпты. Біздер оның жанында нансоғар болып қалдық. Ал, біздің елімізде олардың бірде-бір кеңсесі жоқ. Қазақ елінің төрт құбыласы тең деп айта алмаймын. Біздің де құрып бара жатқан жәндіктеріміз, өсімдіктеріміз бен төрт түлігіміз бар. Қарапайым ғана мысал, Қостанай, Мұғалжар, Көшім жылқысын сақтау қажет. Адай, Найман, Жабы, Қабы жыл-қылары да азайып бара жатыр. Алатау, Әулиекөл, қазақы ақ бас сиырларымыз да шұбарланып барады. Қойдың Еділбай, Сұлукөл биязы жүнді қойларын естен шығармаңыз. Айта берсеңіз, қорғауға алар малымыз жетерлік. Десек те, оған назар аударып отырған пенде жоқ.
Жылқы баласын зерттеп жүрген ғалым есебінде айтарым, кез-келген малдың тұқымын қалпына келтіру үшін 60-80 жылдай уақыт талап етіледі. Ғылым бағытында енді ғана күш алып келе жатқан қазақ елі бұл саланың он жылын ғана артта қалдырды. Атқарылар іс әлі де жетерлік. Сәйгүліктеріміз назардан тыс қалып, мемлекет ет пен сүтке ерекше назар аударуда. Осыған қарап, Абай атамыздың:
Қараңғы соқыр,
Қайғысыз отыр
Тамағы тойса жарқылдап – деген шумақтары еріксіз ойға оралады екен . . . Қазақтың қазанаты да назардың жоқтығынан жойылып кеткен жоқ па?! Көңіл аударылмаса әлі талайымызды жоғалтарымыз анық. Көтерілістен көз ашпаған қырғыздарды қараңызшы? Ол жақта мемлекеттің қолдауымен екі жылқы зауыты, Тәжікстанда 3 зауыт, Түріктерде 4 зауыт жұмыс істейді. Біздің елімізде бір ғана жылқы зауыты бар. Оның өзінің пайдасы бар ма, жоқ па деп, күмәнмен қарап отырғандар бар.
Салыстырмалы түрде біздің бірталай кемшіліктерімізді айтып бердіңіз. Қабылдаушы тарап, БҰҰ-ның Қазақстанға деген көзқарасы қандай? Осыған тоқталып өтсеңіз.
БҰҰ-ның Қазақстанға құрметпен қарайтынын аңғардық. Жиналғандар бізді дамушы мемлекет есебінде таниды. Ғылыми тұрғыдан алар болсақ, Орта Азия елдерімен салыстырғанда, ДНК, биотехнология, зертханалық жұмыстар біздерде тиянақты жүргізіліп отырады. Біздің материалдық мүмкіндігіміз бауырлас елдерден әлде-қайда мықты екен. Осыған сай, ашып жатқан жаңалықтарымыз да жетерлік. Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерінің өкілдері техникалық, қаржылық мүмкіндіктерінің жоқтығын айтып, БҰҰ-нан көмек сұраумен болған еді. Бізді бай мемлекет есебінде қабылдағаннан кейін, ауыз ашудың өзі ұяттау көрінді.
Сұхбатыңызға рахмет, аға.
Сұхбаттасқан
Жұматай КӘКІМЖАНОВ.