Нәзік жандар құрметке бөленді 

Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді. Қоғамға еңбегі сіңіп жүрген, аймағымыздың өсіп-өркендеуіне зор үлес қосып, айналасына шуақ шашып жүрген нәзік жандар қатары көп. Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Қазақстан әйелдер күштері альянсы Қостанай облыстық филиалы асыл жандарды көктемнің алғашқы мерекесімен бірінші болып құттықтады.


Мерекеге орай ұйымдастырылған шарада аймақтың түкпір-түкпірінен келген көшбасшы қыз-келіншектерге, аяулы аруларға құрмет көрсетілді. Соның бірі – Лисаков қаласынан келген Лисаков қалалық көшбасшы әйелдер клубының төрайымы, Қазақстан әйелдер күштері Альянсының белсенді мүшесі Салтанат Шалдыбаева.

-Лисаков қаласындағы клуб 2018 жылдан бастап құрылды. Жыл сайын жоспарымызды жаңартып отырамыз. Қатарымызда 23 нәзік жан бар. Басты міндетіміз – әлеуметтік бастамаларға қолдау білдіру. Қаладағы әлеуметтік жағдай төмен отбасылардың мұң-мұқтаждарына құлақ түреміз. Кейбір жекелеген ұсыныстар бойынша жұмыс та жасаймыз. Мысалы, жалғыз адам не тындыра алады? Егер, бәріміз біріксек, күшпіз. Өткен жылы Римма Шыңғысқызының тапсырмасы бойынша көп балалы отбасылармен жұмыс жүргіздік. Мақсат не? Қазіргі кезде көп балалы аналарға қайтарымсыз гранттар беріледі. Соларды қалай алуға болатынын түсіндіру, жолдарын үйрету болды. Олармен бірнеше рет кездесу өткіздік. Солардың ішінен екі отбасы ниет білдірді. Белгілі бар талаптарынан өтіп, қазір екі отбасы өз кәсібін ашты, – дейді Салтанат Шалдыбаева. 
Айта кету керек, осы шараға тікелей мұрындық болған Қостанай қалалық көшбасшы әйелдер клубының жұмысы жыл сайын жанданып, жаңаруда. Биыл олардың қатары оқытушы ханымдармен қоса, белсенді қыз-келіншектермен толықты. Жыл басынан бері талай игі істерге мұрындық болып, қайырымдылық шараларды өткізіп келеді. Қостанай қаласындағы іскер ханымдар басқарып жүрген оқу орындары мен өндіріс ошақтарын аралауды дәстүрге айналдырды. Жақында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының Қостанай облысы бойынша Кәсіби даму институты» филиалында болды. Бұл үрдіс жалғасын таппақ. Соңында Қостанай облысы әйелдер күштері Альянсының төрайымы Римма Бектұрғанова әйелдерді келе жатқан мерекемен тағы да құттықтап, олардың барлық бастамаларына табыс, өздеріне мол шаттық тіледі.
Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты. 
Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓