Балдәурен бақытсыз болмасын деп…

Ең алдымен сөз алған облыстық білім басқармасы арнайы, қосымша білім және тәрбие жұмыстары бөлімінің басшысы С.Морозенко ұйымдастырылған дөңгелек үстелдің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, қарашаның 20-сы күнi 1959 жылы БҰҰ Бас ассамблеясы балалардың құқықтары декларациясын қабылдаған болатын. Декларация ата-аналарды, қоғамдық ұйымдарды, жергiлiктi атқарушы билiк өкiлдерiн балалардың құқықтарын қорғауға, барлық заңнамалық шараларды жүзеге асыруға шақырады.
Жалпы мамандардың айтуынша, ата-аналардың бала тәрбиесiне салғырт қарауы, қатыгездiк танытуы оларды ата-ана құқығынан айрылуға әкелiп соқтырады. Бұл – қоғамымыздағы көкейкестi мәселелердiң бiрі.
"Жыныстық және репродуктивті денсаулық бойынша Қазақстандық Ассоциациясы" ҚҰ Қостанай филиалының тренері Н.Шабурова өз ойын ортаға салды:
– Бала тәрбиесінің дұрыс жол-ға түсуі, оны қоршаған ортаға, әсіресе отбасы мен ұстаздар қауымының парасаттылығына байланысты. Үйдегі заңсыздыққа бойы үйренген бала басқаның да құқығын сыйламайтын, ол туралы ойланбайтын болады. Керісін-ше жанұядағы жақсы қарым-қатынаста өскен бала ертең қайырымды болып өседі. Баланы түзу өсіретін қорқыту-үркіту емес, оның еркін өсуі жан-жақты дамуына игі әсер етеді. Сондықтан да бала тәрбиесіне ерте жастан көңіл бөлу қажет, – деді маман.
Тұрғындарға психологиялық көмек көрсету бойынша дағдарыс орталығының меңгерушісі Г.Ислямова жағдайларды шешу жолдары туралы кеңес берді. Қатысушыларға талқыланған мәселеге қатысты заңнамадан мәлімет келтірді.
Жиын барысында облыстық IIД әкiмшiлiк полиция басқармасының ювеналдық полиция бөлiмiнiң бастығы Александр Пороховой, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының валеологы Г.Мырзағұлова шұғыл проблема туралы ой өрбiттi.
Ұйымдастырушылар онлайн режимінде облыстың бірқатар аудандарымен байланысқа шығып, атқарып жатқан жұмыстарына қанық болды.
Шұға
ҚОҢҚАБАЙ
Суретте: басқосудан көрі-ніс.