Қоныс аударушылар саны артты
Елімізде болашағы бар елді мекендердің қатарында мәртебесі айқындалып, тірек ауылдардың қатарына енген ауылдардың бірі – Арқалық қаласына қарасты Ашутасты ауылына соңғы кездері көшіп келушілер көбейді.
Олардың дені ауылдық жерде мал ұстап, кәсібін дөңгелентуді жөн санапты. Ауылға қоныс аударып, іс бастап жатқан азаматтардың еңбекке деген құлшынысы зор. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласынан көшіп келген Исақан Қажыбаев деген азамат ауылдағы көптен пайдаланылмай тұрған жекенің иелігіндегі үлкен монша ғимаратын сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мұның сыртында 500 құсқа лайықталған инкубатор ашуды және 100 қой т.б. мал алуды жоспарлап отыр. Ал Қостанай қаласынан қоныс аударған Руслан Сатов есімді азамат ауылдан екі басты төрт үйді сатып алып, жөндеп алды. Өзімен бірге 2 отбасын көшіріп әкелді.
«Келешекте бұл жерге мал ұстап, құс өсіремін», – деп ауылда тұрып, кәсіппен айналысуға айрықша ықылас білдіруде. Біз ауылға келіп мұндай игілікті іс атқарамын дейтін азаматтарды әрдайым қолдап, қуана қарсы аламыз, – дейді Ашутасты ауылдық округінің әкімі Абылай Тұрғанов.
Ауылдарды дамыту аймақтық бағдарламасын орындау барысында «Игілік» бағдарламасы бойынша ауыл тұрғындары: Қанатбек Бекентай 3 млн теңге, Сәния Жиенбай 3 млн 700 мың теңге несие алды. Қазіргі уақытта бұл кісілер алған несиелеріне мал сатып алып, бағып – күтуде. «Ақ жал» ЖШС өз қаражатына сүт сауатын арнайы аппарат сатып алған. Осы аппаратпен 30 бас бие сауып, Нұр-Сұлтан және Арқалық қаласына саудаға шығарды. Сондай-ақ, ауылдағы «Жалғасбек», «Айбибі» «Қарабалық» тәрізді жеке шаруа қожалықтары да қымыз өндіреді.