Ағайынды жігіттер өз жазаларын алды
Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соты Есіл стансасының тұрғынын қасақана өлтірген немере ағайынды Қайрат пен Шерхан Әбдібековтерге қатысты үкімді шығарды.
Іс қағаздарына сүйенсек, 2013 жылдың 3 қазанында түнгі бірлер шамасында «Александра» шатханасында демалып отырған ағайынды жігіттердің бірі Қайрат сол жерде қарсы дастарханда отырған танысы Досан Нұртазинды кезіктіреді. Ішімдікке қызыңқырап қалған Досанның есіне өткен жылдың шілде айында әйелі Айнұр мен әлгі Қайраттың арасында болған кикілжің түсіп, екі жігіт жанжалдаса кетеді. Сол мезетте ағасы Қайратқа көмекке келген Шерхан да Досанды ұра бастайды. Соққыға шыдамаған Нұртазин сол жерде есінен танып қалады. Ал, ағайынды жігіттер таяқ жеген жігітті «БМВ-318» көлігінің багажнигіне салып алып, Арқалық жаққа бет алады. Жол бойында есін жиған Досан полицияға шағымданатындығын айтады. Сау басына пәле тілеп алған жәбірленушіні ағайынды жігіттер тағы да қатты соққының астына алып, бұл аздай оның көзін жоймақшы болады. Содан Арқалық қаласына жақын маңдағы суқоймасына келіп, екеуі жәбірленушіні көліктен түсіріп, сол жерде пышақтап тастайды. Көздеген мақсаттарына жеткен олар мүрдені сол маңдағы көлге лақтырып, ал курткасын өртеп жібереді де, оқиға орнынан іздерін суытады.
Осылайша, болмашы дауға бола кісі өлтірген ағайынды екі жігіт адам ұрлығы және өлтірді деген айыппен кінәлі деп танылып, Қайрат 15 жылға, ал Шерхан 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Екеуі де қатаң түрдегі түзету мекемесінде жазаларын өтейтін болады.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Қарлығаш Оспанова