Анар Фазылжанова: “Ұтатын жеріміз көп”

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, соңғы жетілдірілген әліпбиге тікелей атсалысқан ғалым Анар Фазылжановамен ҚазАқпарат агенттігінің тілшісі жүргізген сұқбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– Анар Мұратқызы, жетілдірілген жаңа әліпби жобасына нағыз тіл мамандары үлес қосты ма?
– Үкімет жанынан құрылған латын әліпбиіне көшіру жөніндегі Ұлттық кеңесте мақұлданған әліпби нұсқасы – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында әзірленіп, Орфографиялық жұмыс тобы ғалымдарының талқылауынан бірнеше рет өткен және «Тіл-Қазына» орталығының ұйымдастыруымен сынама сауалнамалар арқылы жетілдірілген нұсқа. Бұған дейін ұсынылған әліпбилерді әзірлеуге тілтанушы ғалымдар тікелей қатыспаған болатын. Ал бұл жоба тұңғыш рет тілтанушы мамандардың қатысуымен әзірленді және оның сынамадан өтуіне IT, әдістеме, дизайн т.б. сала мамандары қатысты.
– Латын әліпбиіне қатысты сын-ескертпелер аз болған жоқ. Соның бәрі мына жобада қаншалықты ескерілді?
– Әліпби жасау – мамандарға тиесілі іс. Әр саланың өз мамандары болады. Сол саланың қоғам тұтынатын өнімдерін әзірлеуде, ол өнім қоғамның үдесінен шығып, дұрыс қызмет етуі және сапалы болуы үшін, әрдайым сала мамандарына жүгінген абзал. Демек осы әліпби жобасы тілтанушы ғалымдар дайындаған өнім болуымен ерекше. Алайда әліпбидің тілтанымдық өнім ретінде лингвистикалық қасиетіне қоса, оның жаппай жұртшылықтың тұтынуында болуымен ерекшеленетін тағы бір қоғамдық та қасиеті бар. Яғни, әліпби жасау кезінде терең лингвистикалық ғылыми ізденістер мен тілдік материалдың талдауына сүйену ғана жеткіліксіз. Сонымен бірге сол әліпбиді тұтынатын қоғам санасында орныққан әрбір таңбаға қатысты қалыптасқан ортақ танымдық бірлікке, мазмұнға да табан тіреуіміз керек. Міне, сондықтан да әліпби реформасы басталған кезде Елбасымыздың «Халықпен ақылдасу керек» деген ұсынысын ғалымдар ілтипатпен қабылдады. Сол кезден бастап әліпбиге қатысты қоғамдағы барлық ұсыныстар тілтанушы ғалымдардың сарабынан өткізілді десем, артық айтқан болмаспын. Біздің ойымызша, кез-келген тәжірибе, тіпті ол теріс болса да – адам үшін, қоғам үшін пайдалы. Сондықтан, бұған дейінгі сәтсіз шыққан әліпби тәжірибелері осы жолы әзірлеген әліпбидің қырналып екшелуі, түзелуі үшін көп септігін тигізді. Сол себепті осы жобаның тілтанымдық, ортологиялық, тарихи, экономикалық, әлеуметтік-мәдени, психологиялық-педагогикалық негіздері бар деп толық айта аламыз.
– Әлеуметтік желіде соңғы әліпбидегі «Ң»-ға қатысты теріс пікір айтып жатқандар бар. Бұған не айтасыз?
– [Ң] дыбысы халықаралық фонетикалық әліпбиде бар «Ŋ» таңбасымен берілді. [Ң] дыбысы көптеген грамматикалық категория формаларында бар. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты әзірлеген «Сөз формаларының жиілік сөздігінде» екінші жақтың жіктік, тәуелдік формасы мен ілік септігінің формасы барлық грамматикалық категориялардың ішіндегі ең жиі қолданылатыны анықталған. Бұл – бір.
Екіншіден, қазіргі кезде [ң] дыбысын дұрыс айта алмайтындар қазақы ортадан шыққан қазақтілділер арасында да көп. Бұл – қазақ тілі үшін жақсы тенденция емес. Себебі, қазақ тілінде [ң] дыбысы сөздің мағынасын да ажыратады (мәселен, тан – таң, жана – жаңа), сөздің формасын да ажыратады (мысалы, барсын – барсың). Міне, «Ŋ» әрпінің осындай аса маңызды функциясы бар. Сөздің мағынасын да, формасын да ажырататын мұндай дыбысты дұрыс айтпайтын болсақ, қазақ тілінде жазбаша да, ауызша да коммуникация кедергілерге ұшырайды. Сондықтан, жаңа әліпбиде [ң] дыбысына бедерлі, өте айшықты, ерекше «Ŋ» таңбасын алғанды ғалымдар жөн санап отыр. Егер [ң] дыбысына базалық «N» әрпінің таңбасын алып, үстінен қосалқы диакритикалық белгі қоятын болсақ, ауызша сөзде [ң] дыбысын ажырата алмайтын жұртшылық, «N» әрпінің үстіне қойылатын диакритиканы елемей, өздерінің қате айтылымы бойынша оны «Н» деп оқуға дағдыланып кетуі әбден мүмкін. Бұл коммуникацияны қиындатады. Сол себепті ғалымдар [ң] дыбысының таңбасына диакритикасы базалық N әрпінің үстіне қойылатын «Ñ» таңбасын алмай, соңғы жағы қайырылып кететін, қолды үзбей жазатын, тұрқы ерекше әрі қосалқы бөлшегі жоқ тұтас графикалық кескінді «Ŋ» таңбасын таңдап алды. Осы айтылғандарға қоса, «Ŋ» таңбасының тағы бір үлкен артықшылығы бар. Бұл тарихи себеппен тығыз байланысты. 1929-1930 жылдар аралығындағы қазақ-латын әліпбиінде [ң] дыбысы үшін аталған таңба алынған. Сол кездегі жазу тәжірибесінде бұл таңбада ешқандай қиындық болмағанын тарихтан жақсы білеміз. Жиілігі жоғары [ң] дыбысына диакритикалық «Ñ» таңбасының алынуы әріпүсті қосалқы таңбалардың көбеюіне, соның салдарынан мәтіннің көзшалымға ыңғайсыз болуына әкелер еді. «Ŋ» – мұрын жолды, үнді дауыссыз дыбысты (ң) таңбалайды. Қолды үзбей жазуға ыңғайлы, әрі жолүсті таңбаларын көбейтпейді. Сондай-ақ кирилнегізді қазақ әліпбиіндегі «Ң» әрпінің кескініне ұқсастығы әдістемелік тұрғыдан жаңа әліпбиге тез дағдылануға негіз болады. Мәселен: aŋşy – аңшы, jaŋbyr – жаңбыр, köleŋke – көлеңке.
– Латын әліпбиіне бізден бұрын көшкен көршілеріміз бар. Олардың қателігін қайталамау үшін тәжірибелерімен бөлістіңіздер ме?
– Латын әліпбиіне көшкен түркітілдес елдердің тәжірибесі 2007 жылдан бері Институттың зерттеулері мен Институт ғалымдарының жеке ізденістері аясында ғылыми көзқарас тұрғысынан сараланды. Соның нәтижесінде әр елдің әліпби реформасының өзіндік ерекшелігі болатыны, бұл барыста өзінің ұлттық жазуына икемді болу принципі басшылыққа алынатыны анықталды. Дегенмен өзге елдің тәжірибесі біздің жазу реформамызға өзгеріссіз қолданыла алмайды. Әр ұлттың өз ерекше жолы бар. Түркия өткен ғасырдың 20-жылдары әліпби ауыстырса, Өзбекстан, Түркіменстан, Әзербайжан ХХ ғасырдың 90-жылдары ауыстырды. Ал Қазақстан жазу реформасын XXI ғасырда, яғни техника мен технология дамыған, жаһанияттық үрдістер күшейген, әлем экономикалық-мәдени жағынан ерекше құрмаласқан жағдайда жүзеге асырғалы жатыр. Сондықтан біздің реформаның аталған бауырлас елдердің тәжірибесінен алатын тұстары болғанымен, олардың барлығы қазіргі жағдайға сәйкес өзгеріске, түзетуге, толықтыруға түсетіні анық.
– Латын әліпбиі жаппай енгізілетін болса, елде сауатсыздық белең алады деген пікір бар. Бұған қандай да бір негіз бар ма?
– Бұл пікірді айтушылардың қандай сауатсыздық туралы әңгіме қозғап тұрғаны түсініксіз. Нақтырақ айтқанда, ауызша сөзді жазу нормаларына сәйкес хатқа түсіру ме? Әлде, керісінше, хатқа түскен мәтінді дыбыстау нормалары мен сөйлеу нормаларына сәйкес дыбыстау сауаттылығы туралы ма? Тіпті, тіл иелерінің, қазіргі қазақ тілін жаппай қолдануда, оның бүкіл лексикалық бірліктерін дұрыс пайдалануы, ойын сауатты жеткізуі, жағдаятқа қарай стильдерге сәйкес сөйлеуі, яғни жалпы тіл мәдениеті мен сөз мәдениетіне қатысты сауаттылығы туралы айтылып отыр ма? Бұл – түсініксіз. Әуелі осылардың қайсысы туралы әңгіме болып жатқанын анықтау керек. Өйткені, әліпби ауыстырған кезде, ең алдымен, жазу-сызу нормалары өзгереді. Бұл жалпы тілдік сауаттылыққа әсер етеді деп айта алмаймыз. Мәселе дыбысталған сөзді жазу үдерісінде дұрыс таңбалау нормаларына ғана қатысты болып тұр. Осы тұста, жаңа әліпби қолданысқа енген алғашқы кезеңде кейбір сөздердің таңбалануында ішінара қателер кетуі мүмкін. Алайда сауаттылыққа жаппай әсер етеді деп ойламаймыз. Себебі кирил графикасындағы таңбалардың көбі латында да сондай формада. Сонымен бірге қазіргі ақпараттық технологиялар заманында жаңа әліпбидің емле ережелерін әрбір жазарманға қолжетімді ету өте оңай. Қолында емле ережелері бар, анықтағышы бар, орфографиялық сөздігі бар жазарман жаңа нормаларға тез-ақ үйреніп кететініне сенімдіміз. Егер қандай да бір сөздердің таңбалануында ала-құлалық болып жатса, ол қысқа мерзімде негізгі норма бойынша жазылып кетеді. Бұл әліпбимен өте аз уақыттың ішінде жазып-сызып үйреніп алатынымызға сенімдімін. Дегенмен, 42 әріппен жазып-сызғанымызбен салыстырғанда, 31 әріппен жазып-сызғанымыз уақытымыз үшін де, қуатымыз үшін де әлдеқайда үнемді екенін мойындауымыз керек.
– Латын әліпбиіне көшу – мемлекеттік тілдің дамуына үлкен ықпал етеді деп жатамыз. Қай жағынан тиімді болады деп ойлайсыз?
– Халықаралық тәжірибеде әліпби ауыстырған елдердің барлығы жаңа әліпби мен емле ережелерін жоғары нормативтік негізде бекіткен. Тіпті қазіргі қолданыстағы ережелер де 1983 жылы Президиумның жарлығымен бекітілген. Сондықтан ғалымдар, жаңа әліпби сияқты, жаңа емле де Президенттің Жарлығымен бекітілгенін күтеді. Иә, алғашқы кезеңде жаңа жазуға көзшалым үйреніп, қолдағды қалыптасқанша аздаған дискомфорт болуы мүмкін, әрине. Алайда болашақ үшін, тіпті қазіргі замандасымыз үшін де ұтарымыз көп. Мұның қазіргі кезде өзекті бірнешеуін ғана атайық:
– қазақша ойлайтын, шетсөзді өз тілінің икеміне қарай өзінікіндей бейімдеп алатын ұлттық сананың қалыптасуына жазу арқылы жол ашылады;
– тіліміздің сырттан келген әсерді игеріп алатын иммунитеттік тетіктері іске қосылады, тіл жаңғырады;
– 5-6 жасынан сауат ашатын бүлдіршін ана тілінде жазып-сызуды үйрену үшін бұрынғыдай төл және кірме дыбыстардан құралған 42 таңбалы әліпбиді, оған қоса орыс тілінің Щ, Э, Ъ, Ь сияқты әріптерінің емле ережелерін үйреніп, уақыты мен қуатын жоғалтпайды. Оның орнына небәрі 31 әріптен тұратын, ана тілінің барлық дыбысын қамтыған, сонымен бірге кез келген бөгде сөзді өз тілінде жазуға икемді әліпбиді үйреніп шығады;
– қазақ ұлттық әліпбиімен жазылған мәтіндер латын әліпбиін қолданатын қауымдастық үшін оқылатын деңгейде болады, қазақ сөздерінің оқылымы олардың ауызша сөздегі дыбысталуына жақындайды;
– әлемдік графикалық кеңістікте қазақ мәтіндерінің көзшалымға икемділігі еліміздің имиджінің көтерілуіне, халықаралық экономикалық дискурсқа құрмаласуына оңтайлы жағдай туғызады. Бір сөзбен айтқанда, латын әліпбиін енгізу арқылы ұпайымызды түгендеп, ұтатын жеріміз көп.
 
Сурет интернеттен алынды

 

 

 

 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓