Жақыныңа жәрдемдес
Жүз жүрек бір жүрекке демеу. Нұржан Наушабаев атындағы Затобол орта мектебінің оқушысы Бауыржан Тәжібаевтың ем-домына қаржы жинап беру үшін өткізілген акцияны бір сөзбен осылай айтса болады.
Игі бастма білім ордасының мұғалімдері мен оқушыларының тікелей мұрындық болуымен жүзеге асты. Мектепте арнайы жәрмеңке ұйымдастырылып, оқушылар үйлерінен әкелген түрлі тағамдар мен тәтті сусындарды, мектеп құралдарын сатылымға шығарды. Бағалары тым арзан. Әрине, түсінікті жағдай. Мақсат – пайда табу емес, Бауыржанның айығып кетуіне көмектесу. Осындай қиын сәттерде бір-бірін қолдап, қамқорлық танытуға шақыратын тәрбиелік мәні орасан шараға бастамашы болған мектеп әкімшілігіне кім-кімнің де «бәрекелді» дері анық.
Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Күлпара Рахметованың мәлімдеуінше, сол күні «Қайырымдылық жәшігіне» барлығы 98 000 теңге түсіпті. Жиналған қаражат Бауыржанның анасына табыс етілді.