Жақсылық Ізтілеуов: Зерттеу зейінді болса, жол сапалы
Жолдардың сапасыз болуына қандай факторлар әсер етеді? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде жол саласының ардагері Жақсылық Ізтілеуов пікір білдірді.
– Жақсылық Ғазизұлы, қазір жолдың сапасыз болуына негізгі себеп болып отырған не?
– Жолдың сапасыз болуына бірнеше фактор әсер етеді. Ең қарапайымын атап кетсем, өңірде салынған жолдардың жабыны жеңіл көлікке арналған. Республикалық деңгейдегі жолдарға үшінші санат берілген. Оның жалпақтығы 8 метр, жүктемесі 8 тонна. Жүктеме одан аспауы тиіс. Бұрын ауыр жүк көліктерінің салмағы 8 тоннадан аспайтын. Қазір түрлі үлкен жүк көліктері шығып жатыр. Олардың жүктемесі 12, тіпті 14 тоннаға да жетеді. Енді өзіңіз пайымдай беріңіз, аталған нормадан асып, екі есе жүктемемен жиі жүрген жолдың несі қалады? Жолдағы қозғалыстың жиілігі, ауыр жүк көліктерінің трафигі жылдан-жылға артып келеді, осының барлығы жолдың жағдайына әсер етеді.
– Сапа сақталуы үшін не істеу керек?
– Жол сапалы болуы үшін жұмыс дұрыс жүруі керек. Ал жұмыстың жүруі, ең біріншіден, жасалатын жобаға байланысты. Қазір бұл міндетті облыс орталығынан ашылған «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» атқарып отыр. Әр жоба тыңғылықты қаралап, сараланып, екі жақты келісілуі керек. Кейде сол жобаның өзінде де қателіктер болады. Әр жасалатын жұмыс жеті рет өлшеніп, бір рет кесіліп, тиянақты жасалуы керек.
Жол салудың да өзіндік тәртібі, технологиясы бар. Жер табанына кірістірілетін екінші қайтара қолданылатын материалдар, асфальтты-бетон зауыттарынан шығып жатқан асфальты, тағы басқа қолданылатын әрбір бөлшекті зерттеу керек. Асфальттың сапасы битумға, қолданылып жатқан қиыршық тас, құмға байланысты. Осының барлығы аталып кеткен жобаға сәйкес келуін қадағалау қажет. Асфальт төселіп жатқанда оның температурасы, төселіп үтіктелу кезіндегі қызуы, осының барлығы қатаң бақылануы тиіс. Негізі жолдың ең үлкен жауы – су. Ол асфальттың ішінде кіріп кетсе, қыста қатты аязда жолдың бетін жарып жібереді. Осындай қателіктердің алдын алу үшін арнайы технология бар. Сол технологиялар қатаң сақталуы керек. Қытымыр қысқа, шіліңгір ыстыққа төзімділік те зерттеуден өтеді. Осының бәрі ғылым демей немене? Жол салу – үлкен еңбек.
– Сіз қызмет істеген жылдармен салыстырғанда жолдардың сапасын зерттеуде қандай да бір артықшылықтар бар ма?
– Зерттеу зейінді болса, жол сапасы да жоғары. Қазіргі «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» зертханасының мүмкіндігі жақсы. Бұрынғы біздің кезімізбен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Аттестациялаудан өткен, жабдықтары заманауи жоғары дәрежелі. Заман өткен сайын бұл дәреже одан да жоғарылай түседі. Осыдан қол үзбеу керек. Заманмен бірге дамып, ізденіп отыру қажет деп ойлаймын.
Жол ұзақ қызмет етуі үшін күтімі жақсы болуы керек. Біріншіден, жол табанының қалыңдығы сәйкес деңгейде болуы маңызды. Жол 15-20 жылда бір рет төселіп, 5-6 жылда орташа жөндеуден өтуі қажет. Ағымдағы жөндеуі, пайдалануы мен күтімі де дұрыс болуы керек.