Тұрғындар қауіпті көпірге шағым айтты
Торғай өңірі мен Ақмола облысын жалғайтын, Есіл өзеніне салынған, бір көлік әрең сыятын қорқынышты көпір халықты алаңдатып отыр, деп хабарлайды Экспресс К.
Ешқандай стандартқа сай келмейтін қауіпті көпірден жеңіл көлік жүргізушілері жандарын шүберекке түйіп өтеді. Бұл сапасыз құрылыстың нақты қашан пайда болғаны белгісіз. Блоктарды қаластырып, үстіне жүк көлігінің шанақтарын төсей салған. Көліктерді ырғалып-ыңыранып әрең көтереді. Көп жүргізуші жолды қысқарту үшін осы жермен өтуге мәжбүр.
«Державин-Тасты-Талды мен Державин-Далабай аралығындағы жолмен жүру мүмкін болмағандықтан, Арқалық, Баранкөл, Нахимов, Бірсуат, Зерноград, Восточныйға баратын таксишілер осы көпірмен өтіп жүр. Мына көпірсымақтан көлік тайып кетсе, қаншама кісі опат болуы мүмкін», – деп жазады Жомарт Түбекбаев Facebook-те.
Әрине, аталған елді мекендерге қатынайтын басқа да жолдар бар. Бірақ мына қыл көпірмен өтіп, 100 шақырым ұтып, жанармай үнемдеуге болады. Сондықтан жолаушы тасушылар тәуекел етуді әдетке айналдырған.
Жазба авторы Ақмола облысының әкімі, ТЖМ, депутаттар осы мәселеге назар аударса, апат болмай тұрып, тез арада жөнге келтірсе деген тілегін жеткізген. Оның пікірін аталған көпірді жақсы білетін басқа да тұрғындар бірауыздан қолдап отыр.
«Арқалық-Державин-Қима жолдарын жөндеу керек, шұрық-тесік, ойылып қалған. Сосын дала жолы тегіс болғандықтан, осы көпірден өтуге мәжбүрміз», «Орынды мәселе. Бәрімізде иманымызды үйіріп отырамыз. Өзім де сол өткелден өткендердің бірімін», «Әй, қайдам сайлауы маңызды боп тұр ғой, қолдары тимейтін шығар» деп жазды жұртшылық.
Осы мәселеге байланысты әкімдіктерден әзірге ешқандай мәлімет ала алмадық.