Жайылым неге жетіспейді?
Ауылдық жерде жайылым жетіспейді. Ал шұрайлы жердің басым бөлігін кейбіреу мақсатсыз иеленіп отыр.
Мәселенің өзектілігі сондай, өткен жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еш кәдеге аспай, бос жатқан жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жөнінде тапсырма берген еді. Көп ұзамай «AMANAT» партиясының жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясына маңызды міндет жүктелді. Комиссия мүшелері еліміздің әр өңірін аралап, игерілмей, құла түзге айналған жерді қайтарып алып жатыр. Оның ішінде заңсыз берілген фактілер де кездеседі. Былтыр біздің облыста комиссияның араласуымен 67,1 мың гектар жер мемлекет меншігіне өтті. Жалпы, 2022 жылы барлығы 518,2 мың гектар жер телімі қайтарылған.
Облыстық Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Қайрат Оспановтың айтуынша, қайтарылған 518,2 мың гектар жердің 71% немесе 365,6 мың гектарынан жер иеленушілер өз еркімен бас тартқан.
«Мал жайылымының тапшылығы әлі де өткір тұр. Бұл мәселені ауыл тұрғындары жиі көтереді. Статистикаға сүйенетін болсақ, облысты 19,6 млн гектар жер болса, соның бар болғаны 4,7 млн гектары ғана жайылым. 136,7 мың гектар шабындық бар. Әлдекімнің меншігіне өтіп кеткен жер телімдерін қайтару өңірде мал шаруашылығын дамытудың алғышарты болмақ. Бұл мәселе облыс әкімдігінің және мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында», – дейді департамент басшысы.