Энергия тапшылығы – күрделі мәселе

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында энергия тапшылығы мәселесін алдын алу шараларын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жеке тоқталғым келетін тағы бір мәселе – әлем өнеркәсіп пен экономиканы экологияландыру жағына қарай жылжып келеді. Бүгінде бұл – жай сөз емес, салықтар, баждар, техникалық реттеу шаралары түріндегі нақты шешімдер. Біз де бұдан шет қала алмаймыз. Мұның барлығы бізге тікелей, экспорт, инвестициялар және технологиялар трансферті арқылы әсер етеді. Бұл Қазақстанның тұрақты даму мәселесі десек, асыра айтқандық емес. Сондықтан мен 2060 жылға қарай көміртегі өндірісінен бейтараптыққа қол жеткізу міндетін қойдым», – деді Президент Парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Оның айтуына қарағанда, бұл бағытта өте прагматикалық жұмыстар жасалуы керек.
«Халық саны мен экономика өсіп келеді. Ал сапалы өсу үшін энергия қажет. Көмір дәуірі біртіндеп ақталып келе жатқандықтан, жаңғыртылатын энергиядан бөлек сенімді базалық генерация көздері туралы ойлануға тура келеді. 2030 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы сезіледі. Әлемдік тәжірибе ең оңтайлы жолды ұсынып оты, бұл – бейбіт атом», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке бұл істі «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп зерделеуді тапсырды.
«Мәселе оңай емес, сондықтан оны шешуге барынша ұстамды, эмоциясыз қарау керек. Бір жыл ішінде Үкімет пен «Самұрық-Қазына» Қазақстанда қауіпсіз әрі экологиялық атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін зерделеуге тиіс. Бұл мәселені инженерлік істі дамыту, елімізде білікті атом инженерлерінің жаңа буынын қалыптастыру тұрғысынан да қарастыру қажет», – деп түйіндеді өз сөзін.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓