САҒАТ ДАУЫ: қызылордалықтар да қарсы
Қызылорда облысының тұрғындары бұрынғы уақытты қайтаруды талап етуде. Петиция авторлары 2018 жылғы шешімнің күшін жойып, UTC+6 сағат белдеуін қайтарып, Нұр-Сұлтан қаласымен бір уақыт аймағына енгізуді сұрап отыр. Қазір бұл өңірде Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына жолданатын петиция астына қалың көпшіліктің қолы жиналып жатыр. Бұл туралы inbusiness.kz сайтында Махмуд Байходжиев есімді автордың мақаласы жарияланды.Арызда 2018 жылы уақытты бір сағатқа кері жылжыту шешімі асығыс қабылданғаны, бұл қадамның барлық нюанстары ескерілмегені, сондай-ақ халық арасында сауалнама жүргізілмегені жазылады. Мысалы, осыған ұқсас мәселе талқыға түскен Қостанай облысында 45 мыңға жуық адам сауалнамаға жауап берген.
"Қызылорда батыс аймақтардан гөрі Түркістан және Қызылорда облыстарына жақын. Күннің шығу айырмашылығы Түркістан мен Қызылорда қалаларымен салыстырғанда 15-ақ минут. Түркістан аздап шығысқа қарай орналасқандықтан, бұлай болуы табиғи құбылыс. Ал Атырау мен Ақтауда күннің шығуы Қызылордаға қарағанда бір сағатқа кешірек. Бірақ жергілікті уақыт қандай да бір себептермен соларға теңестірілді – бұл қызылордалықтардың өміріне теріс әсер етеді", – делінген петицияда.
Кері әсері көп
Петиция авторлары өңір тұрғындары душар болған мәселелерді де тізбектеп шыққан. Олардың айтуынша, уақыт ауыстыру кесірінен тәуліктің жарық уақытының бір сағаты жоғалады, ал бұрындары оны халық жұмыстан кейінгі жеке шаруаларына, балаларына, спортқа, демалысқа бөлген еді. Мұнымен қоса, жаздың өзінде ымырт ерте түсетіні байқалған.
"Қыс мезгілінде 2-ауысымда оқитын оқушылар үйлеріне қараңғыда қайтады. Көптеген ата-ана жол үстінде көліктердің көптігін және қылмыстық оқиғалардың кеш қарая жиі жасалатынын ескере отырып, балалары үшін алаңдаушылыққа салынады, – деп жазады қоғам белсенділері. Олар уақыттың ауысуы бизнеске де кері әсері болғанын жасырмайды.
"Өңір бизнесмендері үшін банк секторының Алматымен және астанамен бір уақытта жұмыс істеуі өте ыңғайлы болған еді. Өйткені барлық банк аударымдары, оның ішінде халықаралық аударымдар ЕДБ бас офистері арқылы жүргізіледі. Қазір жағдай күрт нашарлады. Бизнесмендер тендерге қатысу үшін банк кепілдіктерін ала алмайды және төлемді сағат 15:00-ден кейін (Қызылорда уақыты бойынша) өткізе алмайды", – дейді бастамашылар.
Сондай-ақ, уақыт өзгерісі мемлекеттік қызметкерлер жұмысын қиындата түскен. Барлық бейнеконференция байланыстары Нұр-Сұлтан уақыты бойынша өтеді. Елорда уақытына пойыз кестелері, емтихан, тест өткізуге дейін бағынышты. Осының бәрі қызылордалықтар үшін қарайған қолайсыздық тудырып келеді.
Ғалым атын жамылған адамдар ма?
Өтініш авторлары сонымен қатар 2018 жылы уақытты аударуға бастамашы болғандар адам медицинасы мен физиологиясы саласында тиісті білімі жоқ жалған ғалымдардың интернеттен алынған дәлелдері мен ғылыми негіздемелері мұндай шешімдер қабылдауға жеткілікті негіз бола алмайтындығын атап өтті.
"Барлық аурулардың, соның ішінде қатерлі ісік ауруларына шалдыққандардың басқа уақыт белдеуінде өмір сүретіні туралы нақты дәлелдер жоқ! Біз осы себептен өмірді қиындатып, әдеттегі және ыңғайлы уақытты өзгерту керек деген қисынды көрмейміз", – делінген петицияда.
Қоғам белсенділерінің айтуынша, өңір халқының денсаулығына анағұрлым кері әсерін тигізетін факторлар – Арал трагедиясы, импорттық тамақ өнімдері, алкоголь мен темекі тұтыну, фаст-фуд, газдалған сусындар, әлеуметтік желілер, жаңа технологиялар.
"Денсаулыққа әсер ететін факторлар өте көп. Осыған байланысты барлық аурулар уақыттың бұрыстығынан туындаған деп айтуға ешқандай негіз жоқ", – делінген мәтінде.
Уақытты аударудан мемлекеттік қаражатқа үнем келгені де шамалы. Соңында петиция авторлары 800 мыңнан астам адамды құрайтын өңір халқына сауалнама жүргізуді сұрайды, себебі қызылордалықтардың бәрі бірдей әлеуметтік желілерді пайдаланбайды.
Аз шоғыр аймақ тағдырын шешті
Кеңес заманындағы уақытқа оралу туралы ұсыныс аймақта алғаш рет бірнеше жыл бұрын айтылды. Бірақ тек 2018 жылы олар Президент Назарбаевтың атына жолданатын өтінішке қол жинай бастады. Бұл идеяны облыстың бұрынғы әкімі Қырымбек Көшербаев та қолдады. Содан кейін құжатқа 2000-нан астам адам немесе облыс халқының 800 мың адамының 0,5% – дан азы қол қойды. Сол жылы Министрлер Кабинетінің уақытты бір сағатқа ауыстыру туралы қаулысы қабылданды. Арал өңіріндегі уақыт 2018 жылғы 21 желтоқсаннан 22 желтоқсанға қараған түні өзгерді.
Меценат және қоғам қайраткері Сәбит Сұлтанның айтуынша, осыдан үш жыл бұрын ешкім осы қадамның қарсыластарына назар аудармады, ал олар облыстың барлық тұрғындарына сауалнама жүргізуді талап еткен еді.
"Біздің облыстың барлық тұрғыны уақыттың жылжығанына қуанышты болды дегенге сенбеңіз. Көбісі мұндай шешім туралы білмеді де. Біздің сыртымыздан әлдекімдер осындай шешім қабылдады, бізге тіпті ескертілмеді. Халыққа нақты сауалнама жүргізілген жоқ. Бар болғаны, партиялар мен қоғамдық қорлардың "ләббайшыларын" жинады да петицияға қол қойдырып алды", – дейді Сәбит Сұлтан.
Оның айтуынша, кеңес дәуірі кезінде жұмыс таңғы 8-де басталып, 17.00-де аяқталған. Бүгінде көбінде жұмыс 9-да басталады. Сондықтан күн кестресінде аса үлкен өзгеріс бола қойған жоқ.
"Сіз дипломы мен арнайы білімі жоқ, бірақ өзін дәрігермін деп атайтын адамға денсаулығыңызды сеніп тексертер ме едіңіз? Google-ге сүйеніп кім диагноз қояды және рецепт жазады? Алайда, көбісі уақытты бір сағатқа кейін аудару идеясының бастамашысының сөзіне сеніп, кеңестік уақытпен өмір сүрмей отырғандықтан денсаулық мәселелері көбейетініне иланды, – дейді Сұлтан. – Бір кездері әлеуметтік желілерде қызылордалықтардың шамамен 20-30% – ы әлеуметтік желілерді пайдаланатыны туралы айтылған. Уақыт аудармасын талқылауға қатысқан комментаторлардың жартысы қарсы болды. Бірақ халықтың қалған бөлігінен кім сұрады? Егер осылай жалғаса берсе, болашақта өңірдің өмірін халықтың тек 10-15% – ы ғана айқындайтын болады".
Оңтүстік неге батыс уақытымен жүруі тиіс?
Сәбит Сұлтанның пікірімен жергілікті кәсіпкер Маргарита Толоконникова да келіседі. Ол да үш жыл бұрын облыс халқына сауалнама тиісті деңгейде жүргізілмегенін растап отыр.
«Арал мен Қазалы батыс уақытына жақын болуы мүмкін, келісемін. Бірақ біз бәрібір оңтүстікке жақынбыз. Облысымыз үлкен, сондықтан батыс жағында қарап таңдау жасау қажет емес деп санамаймын. Сонымен қатар, біз Тәуелсіздік жылдарының көп бөлігін бұрынғы уақытпен өмір сүрдік. Біздің өмірімізді, экономикамызды, бизнесімізді осы уақытқа ауыстырып қойды", – деп есептейді Маргарита Толоконникова.
Оның айтуына сүйенсек, Қызылорда бір сағатқа шегертілгелі бері әлі күнге Алматы уақытына бейімделе алмай жүр.
"Менің бизнесіме 13 жыл болды, оны оңтүстік астанамен бір уақытта болған кезімізде аштым. Енді мен 1 сағат жоғалтамын, атап айтқанда, банктерде қызмет көрсету кезінде. Жұмыстан кейін де уақыт болмайды. Баламның ойнауға уақыты жоқ, ымырт тез түседі. Маған да таңғы сағат 4-те терезеден күн сәулесінің түскені керек емес", – дейді Маргарита.
Оның үйге ерте қайтуға мүмкіндігі жоқ, жұмыс кестесі солай. Өйткені Алматыда сағат 18:00 болса, Қызылордада –17: 00, тағы бір сағат жұмыс істеу керек. Үйге 20:00-де келетін көрінеді, ол – сам жамыраған кез. Маргаританың қарсыластары жұмысты қазіргідей таңертеңгі 9-дан емес, 8-ден бастап, 17:00-де аяқтауды ұсынады. Бірақ көптеген адам бұл идеядан бас тартады екен.
"Банктер, бизнес, бюджеттік ұйымдар таңғы 8-ден бастап жұмыс істемейді, мейлі Нұр-Сұлтанда бұл уақытта таңғы 9 болса да солай. Маған жұмыс істеу ыңғайсыз. Түскі асымның уақыты – 13:00-ден 14:00-ге дейін, ал Алматыда бұл кезде бір сағат айырмашылықпен жұмыс жүріп жатады. Оңтүстік астанаға қарай бейімделуге тура келеді, басқаша амал жоқ", – дейді бизнес-леди.
Ол қатерлі ісік, жүрек-тамыр аурулары, гипертонияның көбеюіне бапталмаған уақыттың қалайша себепкер болуы мүмкін екенін де түсінбейді.
"Олай болса, бүкіл әлем дұрыс емес уақытта өмір сүреді, өйткені бұл аурулар жалпы аурулар тізімінде бірінші орынға ие емес пе?"- дейді Толоконникова.
Оның пікірінше, идеяның бастамашысы Болат Нұрхожаевтың әрекеті бір-біріне қайшы келеді.
"Ол әртүрлі комиссиялардың құрамында, бизнесті қорғаумен айналысады, бірақ сонымен бірге күн сайын әлеуметтік желілерде уақыттың бұрыстығынан туындайтын ауруларға арналған ондаған хабарлама жазады. Ол ғалым ба? Тиісті білімі бар ма?"- деп таңданады бизнес-ханым.
Қостанайлықтар уақыттың ауысуына қарсы
Осы жылдың наурыз айында Қостанай облысының қоғамдық кеңесі уақытты бір сағатқа кейін жылжытуға көпшіліктің қарсы дауыс бергені белгілі болды. Қоғамдық кеңестің 18 мүшесінің үшеуі сағат ауыстыруды қолдаса, 13-і қарсылық танытқан, екеуі қалыс қалды. Белсенділер уақыт белдеуін ауыстыру халық денсаулығына әсер етеді деген теорияларына кеңесті сендіре алмады. Керісінше, олардың осы бағытта жан-жақты ғылыми зерттеулер жүргізбегені сынға ұшырады.
Халық арасында 44 486 адам қатысқан сауалнама жүргізілген. 16 135 адам "қолдаймын" (36,3%), 26 201 адам "қарсымын" (58,9%) деп пікір білдіріпті. 2150 адам жауап беруден бас тартқан (4,8%).
Сондай-ақ, облыстық мәслихаттың 33 депутаты да мәселеге қатысты көзқарастарын білдірді. Олардың 10-ы "қолдаймын", 22-сі "қарсымын", 1 депутат "бейтарап пікірдемін" деп үн қатты.
Мысал үшін айта кетейік, ҚХР аумағында бірнеше сағат белдеуінің бар екеніне қарамастан, ресми түрде UTC+8 бірыңғай стандартты уақыты бекітілген. Тек жекелеген аймақтары ғана бейресми UTC+6 сағат белдеуімен өмір сүреді.