Асыл ана

Нагима сулейменоваМенің аяулы анам Нағима Сүлейменова 1925 жылғы 13 қазанда Қарашілік ауылында дүниеге келген. Кеңес үкіметінің тұсында көп балалы ана ретінде "Мать Героиня" орденімен, еліміз тәуелсіздік алған жылдары "Алтын алқа" медалімен марапатталды. Он баласының жетеуі ұл, үшеуі қыз.
Анамыз Нағиманың шешесі Гүлсім Қасенқызы ертеректе қайтыс болған. Туған шешесінен айырылғанымен өз анасындай болып кеткен Қәді  Қенбеліқызының  тәр-биесімен өсіпті.
1942 жылы әкеміз Қабду Сүлейменовқа тұрмысқа шығады. Бұл соғыстың қайнап тұрған кезі. Бір жеті болды ма, болмады ма әкеміз Қабду әскерге алынып, соғыс даласына аттанады. Ер-азаматтардың бәрі майданда. Ауылдағы ауыр тірлік пен қара жұмысқа әйелдер мен жас балалардың араласуына тура келді. Біздің шешеміз үйде отыруды жөн көрмей, жұрт қатарлы колхоздың барлық жұмыстарына қатысады. Ол кездің ұраны "Бәрі майдан үшін, Жеңіс үшін" болатын. Сондықтан ауыл халқы Жеңіс күнін жақындатуға өз үлестерін қосуға асықты. Жұмыла кіріскен жұрттың ішінде біздің анамыз да бар. Ол кісі небір ауыр жұмысқа бел шеше кіріскен. Таң атып, қас қарайғанша жер жыртып, соқа ұстап, тырбанып жүрді. Ауыр жұмысқа шыдамай, әл-дәрмені құрыған шақта  жылап алатын кездері де болған екен. 
– Аш-жалаңаш жүрсек те біздің бар ойымыз майданда еді. Жұмыстан шаршап келсек те ер-азаматтарымыздың аман-есен  елге оралуын Жаратқанға жалбарынып тілейміз. Күндіз – күлкі, түнде – ұйқы жоқ. Бар ынтамызбен еңбек етіп, Жеңіс күнін асыға күттік. Сол уақытта қол қусырып отырған жанды көрмейсіз, – дейді анам. 
Әкеміз Қабду Сүлейменов қан майданда өз міндетін адал атқарып, елге аман сау оралды. Алғашында қатардағы сапер-жауынгер болып, бораған оқ пен снарядтардың астында жүрген. Жаудың талай миналарын залалсыздандырыпты. Сондай бір арпалыс үстінде командирін ажалдан құтқарып, санбатқа жеткізеді. Өзі де жараланады. Осы оқиғадан соң әкеміз Қабду мен майдангер жолдасы Елемес екеуін командирлер даярлайтын Вышний Волочок қаласына оқуға жібереді. Оқуды ойдағыдай бітіріп,  кіші лейтенант шенін алған  әкем  майданға  оралып,  ат-қыштар взводын басқарады. Өз взводымен талай ұрыстарға қатысып, Ленинград, Новгород облыстарындағы көп елді мекендерді азат етеді. Старая Русса қаласын азат ету кезінде, шабуылды басқарған жас командир қатты жараланады. Ес-түссіз құлаған командирді санитарлық иттер тауып алып, ажалдан арашалап қалған. Ауыр жараланғандықтан бірнеше операция жасалып, жарты жыл госпитальда емделеді. Соғыс біткен соң әкеміз Қызыл Жұлдыз  орденімен  марапатталған. Бұл құрмет оның Старая Русса қаласындағы ұрыстағы ерлігі үшін жасалды. Соғыстан жаралы оралған әкемізді анамыз Нағима бағып-қағып, аяғына тұрғызады. Отағасын күтіп, біздің әжеміз Ықтияны өмірінің соңына дейін сыйлап өткен анамыз қандай мейірбан десеңізші…
Анамыз қазір кіші баласының қолында, немере-шөбере сүйіп отыр. Оның қимылы ширақ, жүріп тұрысы тың. Анамызды көрсеңіз сонау сұрапыл жылдардың қиындығын бастан кешкен деп айта алмайсыз. Қайда жүрсе де тыным таппайды. Біздерді бағып-қағып, өсірген анамыз алдағы жылы 90 жасқа толады.
Хамит СҮЛЕЙМЕНОВ.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓