Қарттарға қамқорлық
Ағымдағы жылдың бірінші қаңтарынан бастап, зейнеткерлерге зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақы төлеу қызметіндегі актілеріне өзгерістер енгізілді. Бұл мемлекеттік медико-әлеуметтік нысандарды мекендейтін тұлғаларға қатысты болып отыр. Олар қарттар мен мүгедектер интернатының қамқорлығындағы жандар мен психоневрологиялық орталықты мекендейтін адамдар. Зейнетақы мен жәрдемақының 30 пайызы тұлғалардың жеке шотына келіп түссе, қалған 70 пайызы сол өзі тұратын интернат үйі, яғни медико-әлеуметтік нысанның шотына аударылады.-Бұл жерде зейнеткерлерге қалатын 30 пайыздың көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз болмауы керек,-дейді Рудный қалалық зейнетақы төлеу орталығының басшысы Евгений Петровский. – Рас қазір ең төменгі күнкөріс деңгейі 22 859 теңгені құрайды. Бірақ, зейнеткерлердің алатын зейнетақысының 70 пайызы интернат үйіне өткізгенмен қолына алатын қаражат ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болмайды,-деп нақтылады ол.Бүгінгі таңда облыстық деңгейдегі жалпы үлгідегі қарттар мен мүгедектер интернатында және психоневрологиялық дипансерде 700-ге жуық адам бар. №2 интернат үйі өткен аптада өздерінің зейнетақысы мен жәрдемақысынан ұстап қалған 70 пайыз қаражатқа жылы төсекпен қамтамасыз етілді. Қарттар күні мерекесіне орай мамық жастық пен соңғы үлгідегі матрастар мен жаңа төсек орын алғандарына қариялар балаша қуанды. Интернат үйінің басшысы Зарина Тоқтабекованың айтуынша жыл басынан бері жиналып қалған қаражатқа қарттар өздеріне қажетті тұрмыстық заттарды сатып алуларына құқылы, ол үшін арнайы тізім жасалады екен: Үкіметтің жаңа шешімі бойынша жыл басынан бері қарттар мен мүгедектердің зейнетақысы мен жәрдемақысының интернатқа аударылған бөлігіне біз қыс мезгілі алдында төсек орын сатып алдық, сондай-ақ мемлекет тарапынан берілетін ақысыз дәрілер сабына жатпайтын дәрумендерді сатып алдық. Бұл шешімге қарттар қарсы болған жоқ қайта, өздеріне не қажет екенін бүкпей айтты.Бүгінгі күні №2 жалпы үлгідегі интернат үйінде 105 адам тұрады. Соның бірі Медведева Галина Александровна. Ол бұл жаңашылдықты құптайды. Өйткені, өзі интернатқа келмес бұрын зейнетақысы күн көруге әрең дегенде жететін. Ал қазір ол мемлекеттік тарапынан қарастырылған барлық қызметтерді тегін пайдаланады. Жататын жылы орны мен әлеуметтік қызметкерлердің күтіп баптауына толық көңілім толады дейді.– Мен, зейнетақымнан ұстап қалатын 70 пайызды сезінген жоқпын. Өйткені, өз үйімде тұрғанда күнделікті тұрмысқа қаражат жетіспейтін. Қазір біз толық мемлекеттің қарамағындағымыз. Тұратын жеріміз бен жейтін тамағымыз және ем-дом қабылдауымыз тегін. Қалған 30 пайыз ақшаны өзіме жұмсамаймын. Жалпы жаңа қабылданған шешімдерге қарсылығым жоқ. Енді алдағы уақытта жылы киім- кешек пен спорттық киімге тапсырыс беруді ойластырып отырмын. Өйткені, таза ауада серуендегенде ыңғайлы киім қажет болады. Ең бастысы бұл жерде бізге жақсы қарайды, басшылықтың өзі арнайы келіп жағдайымызды біліп отырады. Мың жасасын!Мемлекет тарапынан толық қамқорлыққа алынған жандарға үйдегідей жылулық беруге барлық жағдай жасалған. Бұл жерде қарттар күніне бес мезгіл тамақтанады. Бөлмедегі жандармен туғанындай болып кеткен олар, бірге өткен-кеткенді еске алып әңгімелескенді ұнатады. Тағдырдың тәлкегімей интернат үйін паналағандарына олар ешкімді кәналамайды, ең бастысы «еліміз аман, жұртымыз тыныш болса екен» деп тілейді.
Дамира Қожахметова
Рудный қаласынан