Ағалар үміті ақталды

IMG_3778Жақында Ресейдің Анапа қаласында кикбоксингтен кадеттер арасында халықаралық турнир болып өтті. Оған дүниежүзінен 26 мемлекеттің өкілі қатысып, барлығы 1188 спортшы шаршы алаңда бақ сынады.
Міне, осы байрақты бәсекеге қатысқан Қазақстан құрамасы сапында  Әулиекөлдегі  Сәттібек Исмаилов жаттықтыратын "Болашақ" спорт кешенінің шәкірттері – Темірлан Опин, Артур Қосмағамбетов, Мәди Тоқтаров, Жанат Саржанов және Захар Сичоев тәрізді бес бірдей кикбоксинг шеберлері барып, қанжығаларын  майлап қайтты.
Міне, осы турнирде Темірлан кикбоксингтің лоу-кик тұжырымы бойынша 52 келі салмақта сынға түсіп, қарсыластарына еш мүмкіндік берген жоқ.
– Темірлан рингке алты рет шығып, соның барлығын таза жеңіспен аяқтады. Финалда  ресейлік былғары қолғап шеберімен жұдырықтасып, алаң иесін ұпай басымдылығымен ұтты. Сөйтіп ол жарыс чемпионы атанды. Бұл Темірланның халықаралық деңгейдегі алғашқы жеңісі, – дейді білікті бапкер Сәттібек Исмаилов.
Ол 2008 жылы Омбыда бокстан өткен бүкілресейлік турнирде "қола" медальді еншілеген болатын. 2012 жылы Балқаш қаласында ұйымдастырылған ҚР аймақаралық турнирде тағы да жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. Оның бері жағында бес дүркін облыс чемпионы атанғаны бар. Бокс және кикбоксингтен талай рет облыстық жарыстардың жүлделерін иеленді.
Үшінші сыныптан бастап спортпен шұғылдана бастаған Темірлан үшін бұл, әрине, аз жетістік емес. Дегенмен оның алар асуы әлі алда екеніне күмәніміз жоқ.
Темірлан – Әулиекөлдің Ш.Уәлиханов атындағы №2-ші орта мектебінде оқиды. Ата-анасы Талғат Есентеміров пен Күлпаш Оразбекова да ұзақ жылдардан бері шәкірт тәрбиелеп келе жатқан ұстаз. Алдында екі әпкесі бар. Бірақ, отбасында үлкен спортқа тек осы бір қағылез келген сары бала ғана иек артыпты. Несі бар, біздің елден де дәл осындай батыр ұландар көптеп шығып жатса, ол дегеніңіз мемлекет мерейі емес пе! Әсілі, елдің туын биікке самғатып, әнұранын орындатып жүрген спортшылардың барлығы кезінде ауылдан шыққаны белгілі.
Чемпионмен әңгімелесіп отырып, біз оның арманы туралы сұрадық. "Болашақта әлем чемпионатын бағындырғым келеді. Сол үшін тер төгетін боламын", – деді Темірлан мүдірместен.
Жалпы, облыста Әулиекөлдегі "Болашақ" спорт кешенінің алар орны айрықша. Осында 2002 жылдан бері талантты жастарды баулып жүрген Сәттібек Исмаиловтың қол астынан 300-ден астам шәкірт түлеп ұшты. Олардың арасында әр жылдары ел намысын ту еткен талай өрендер  бокс-тың биігін бағындырғанын айта кеткен ләзім. Қазір Сәкеңнің қарамағында отыздың сыртында спортшы жаттығады. Олардың барлығы болашағынан зор үміт күттіретін талапты жастар.
Т.Опиннен өзге ел намысын қорғаған әулиекөлдік өрендер арасында Артур Қосмағамбетов те  (67 келі) турнир жеңімпазы атанды. Ал Мәди Тоқтаров (71 келі) халықаралық жарыстың "қола" жүлдесін жеңіп алды.
– Соңғы кезде Әулиекөл ауданында спортты дамытуға аса жоғары көңіл бөлініп жүр. Жаңадан спорт кешендері пайдалануға берілді. Осының өзі бұқаралық спортты дамытуға бағытталған оң көзқарасты білдірсе керек, – деп өз ойымен бөлісті Сәттібек әңгіме арасында. Жас спортшыларды қолдауда аудандағы танымал кәсіпкерлер де аянып қалып жүрген жоқ. Мәселен, "Москалев" ЖШС директоры Зейнолла Жаңбыршынов, "Алтын бел-Д" ЖШС директоры Дәулет Қойшыбаев, аудандық орман шаруашылығының директоры Қайрат Омаров, "Қайсар-Агро" ЖШС директоры Абдулла Митаев, "Әулие би" ЖШС директоры Нұрлан Садуақасов, "Миялы" шаруа қожалығының басшысы Молдағазы Жүр-сіналин, Бағаналы орман шаруа-шылығының директоры Сабыр Еділбаев және "М.Нұрқалов" шаруа қожалығы жетекшілері Сәт-тібек шәкірттерінің Ресей турниріне барып-қайтуға  демеушілік етуі өзге қалталы азаматтарға үлгі боларлық іс. Иә, Темірлан бастаған топ Ресейден ағалар үмітін ақтап оралды. Бұған "бәрекелді" демеске болмайды.
Бапкер  сөз арасында облыстық бокс федерациясының президенті Қайрат Боранбаевқа өз ризашылығын білдірді. Осы азаматтың арқасында Әулиекөлде бокс мектебі тәп-тәуір қалыптасып келеді дейді ол.Сондай-ақ, кикбоксингтен облыстың аға жаттықтырушысы Асқар Макубаевтың сіңірген еңбегі өлшеусіз. Аттары аталған бұл азаматтар келешекте Қостанай төңірегінен ел намысын қорғайтын мықты спортшылар шығатынына бек  сенімді!
Айбек
      КӘДІРҰЛЫ
Суретте: Халықаралық турнирдің чемпионы Темірлан Опин бапкері Сәттібек Исмаиловпен бірге.
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓