Қарттарым, аман-сау жүрші
Жыл сайын Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының басшылығы, қызметкерлері мен тыңдаушылары ардагерлерге құрмет көрсетеді. Оқу ордасының акт залында «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты салтанатты шара ұйымдастырылды.
Академия бастығы, полиция полковнигі Мирлан Қызылов салтанатқа келген ардагерлерге Қазақстан милициясының тарихында генерал-лейтенант атағын тұңғыш иеленген, екі рет министр болған, ішкі істер органдары саласындағы мемлекеттік және кадрлық саясатын жетілдіруге көп үлес қосқан Шырақбек Қабылбаевтың өмірі, тарихы және қызметтік жолдары жинақталған мұражаймен таныстырды. Салтанатта академия бастығы Мирлан Қызылов, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының ардагерлер кеңесінің төрағасы отставкадағы полковник Шернияз Макин, ардагерлер кеңесінің төрағасы отставкадағы полковник Татьяна Зюбанова жиналғандарды атаулы күнмен құттықтап, ардагерлерге жастарды адамгершілікке, инабаттылыққа тәрбиелеу бағытында қосқан үлестеріне рахметін білдірді.
Оқу ордасының қызметкерлері мен тыңдаушылары «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты концерттік бағдарламаны тарту етті. Концерттік бағдарлама аясында «Сағыныш сазы», «Ана-Әке», «Туған жер», «Алтын бесік» атты өлеңдер шырқалып, билер биленді.
Орынбасар УАҚПАЕВА
ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының баспасөз хатшысы