«Кері әсері болған жоқ»
«Вакцина алғаныма 11 күн өтті. Әзірге денсаулығыма ешқандай кері әсері болған жоқ», – дейді Қостанай қаласы №3 емхананың бас дәрігері Манарбек Ахметов.
Бас дәрігердің айтуынша, өзі жұмыс істейтін емханада коронавирус індетіне қарсы вакциналау науқаны 1 ақпанда басталды. Оның ішінде алғашқы легте 15 адамға екпе салынған. Олардың қатарында дәрігерлер, қабылдау бөлімінде отыратын мамандар, инфекционистер, жедел жәрдем қызметкерлері бар. Ал екінші күні аталған емхананың 20 дәрігері екпе салдырыпты. Қазірдің өзінде 65 медицина қызметкері вакцина алып үлгеріпті. Барлығында асқыну мен ауытқу белгілері байқалған жоқ. Бұдан бөлек, күн сайын 5 медицина қызметкері екпе алуда.
Бас дәрігер басқа екпелер сияқты вакцина салғызған адамның артериалды қысымы, басқа да станиционарлық өзгерістері жарты сағат бойы бақылауда болатынын айтады:
«Үш күн бойы ауыр жұмыс істемеу, алкогольдік ішімдік ішпеуі және вакицина салған жерге су тигізбеуі тиіс. Вакцина алғаннан бері өзімді жақсы сезінемін. Ешқандай өзгеріс байқамадым. Бір апта бойы дәрігердің бақылауында болдым», – деді Манарбек Молдағалиұлы.
Сонымен қатар, ол вакцинадан қорқудың қажеті жоқ екенін, бұл екпе қазіргі эпидемиологиялық жағдайды назарға ала отырып, адамдардың коронавируспен ауруы мен одан болатын өлім-жітім санын азайтуға бағытталғанын атап өтті.
«Біздің қазір алып отырған вакцинамыз «Гам-КОВИД-вак» (Спутник V) екі компоненттен тұрады. 1 ақпанда біз бірінші компонентін алсақ, енді 21 күннен кейін екінші компонентін аламыз. Сонда біз вакциналаудың толық сатысынан өтеміз. Вакцина адамдардың COVID-19 індетіне шалдығуының алдын алуға бағытталып отыр. Вакцина – ауруды тоқтататын тәсіл. Осы уақытқа дейін қаншама сырқаттың түрлері шықты. Дертті ауыздықтаудың бірден-бір жолы осы вакцина салу», – деп толықтырды Манарбек Ахметов.
Қостанай қаласы №3 емхананың ішінде егу кабинеті ашылды. Біреуінде адамның келісімі, анкетасы толтырылса, екіншісінде вакцина салынады.
Айта кетейік, аймағымыз бойынша бірінші лекте 90 мың медицина қызметкері, педагог, полиция және өзге де өмірге қажетті мамандық иелері коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салдыратын болады.
Ал облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің бөлім жетекшісі Г.Досымованың айтуынша, екпе салдырғандар арасында әзірге ешкімнен шағым түскен жоқ.
Суретке түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ