Қостанайда – тұңғыш, Қазақстанда – екінші
Серік Сарбасов – біржолғы зейнетақы төлемдерін қолданып баспаналы болған алғашқы қостанайлық әрі Қазақстан бойынша екінші тұрғын. Айтуынша 1 ақпан күні қаражат арнайы шотына түсіп, 2 ақпан күні сатып аул-сату шартына қол қойып, жаңа пәтерінің кілтін алған. Ипотеканы Отбасы Банкінде аралық заем арқылы рәсімдеген.
Яғни, бастапқы жарна ретінде пәтер құнының жартысын толықтырып, несиені 8.5% мөлшерлемемен алды, ал бір жарым жылдан соң несие мөлшерлемесі 5%-ға дейін төмендейді.
«23 қаңтарда өтінім бердік. Екі күннен кейін бізге өтінімнің мақұлданғаны туралы хабарлама келді. Банкке бардық. Біз кәсіби маманданған кеңесшімен әңгімелесуден кейін 15 минуттан соң мақұлдау құжатын қолымызға алдық. Тұрғын үй займын рәсімдеу жұмыстарына кірістік. БЖЗҚ берген қаражатымыз қаржы ұйымына ұсынылды. Ал бұған дейін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-нда депозит ашқан болатынбыз. БЖЗҚ ұсынған толық займ қаражатты қосып, баспаналы болып отырмыз. Жақын арада пәтерімізге көшіп барамыз деген сенімдемін. Отбасымның қуанышына себепкер болған Отбасы Банкі қызметкерлеріне, өзім еңбек ететін «Құрылыс материалдары» компаниясына айтар алғысым шексіз!», – дейді Серік Сарбасов.
Қазір Қазақстанның түпкір-түпкірінен өз зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын, тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін қолданып үлгерген салымшыларымыздың саны күннен-күнге артуда.
«9 ақпандағы жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына уәкілетті операторлардан тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында біржолғы зейнетақы төлемін алуға 131 мың өтініш келіп түскен. Оның 73 мыңнан астамы қабылданды», – дейді «Отбасы банк» АҚ бизнес дамыту бөлімінің басшысы Әмір Ескендіров.