Үлгілі ұсыныс, игі идея

«Үкімет менің тапсырмам бойынша Әлеуметтік кодекстің жобасын дайындап жатыр. Кодекс азаматтардың, әсіресе, көмекке мұқтаж адамдардың сұранысына толық сай келуі керек. Бұл біздің әділетті мемлекет пен ашық қоғам құру туралы идеямызбен үндеседі. Министрлер мен әкімдер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын берік ұстануға тиіс. Азаматтардың арыз-тілектеріне жедел жауап беру қажет. Ең бастысы, Тәуелсіздіктің игіліктерін әрбір отандасымыз күнделікті тіршілігінде сезіне алатын болса – мақсатымыздың орындалғаны», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Даңғырлақ «даңқтың» жалауын желбірете бермей, халықтың жағдай-тұрмысын көтеру – басты шарт. Елдің әлеуметтік жағдайы әлжуаз болса, жетістіктерді мақтан етудің қажеті шамалы. Мемлекет басшысының айтпағы осы.Сондай-ақ, оның айтуынша, осы жылы атқарылатын шаралардың көбі жастарға арналмақ. Оларды жұмыспен қамту, жаңа жобалар аясында жан-жақты қолдау көрсету туралы идеялары көңілге қонды. Ұлы тұлғалардың мерейтойы аясында құнды еңбектерін насихаттауға екпін салынбақ. Тіпті, әз Наурыз мейрамына да жаңаша көзқараспен қарау керегін сөз етіп, «Таза табиғат» атты игі жобаны жүзеге асыруды ұсыныс етті. Жалпы, түсінгенім, президентіміз «той емес, ой қуатын уақыттың» жеткенін іспен дәлелдеуге шақырғандай. «Көп шуылдақ не табар, басқармаса бір кемел» деп Абай айтпақшы, үлгілі ұсыныс, игі идеяны алға тартқан Мемлекет басшысының бастамасын неге қоштамасқа? Өз басым, пайдалы, кәделі, әдемі ұсыныстарды қашанда қос қолымды көтеріп қолдаймын.
Қанат РАЖАНОВ,
педагог,
мәдениет саласының қызметкері