Президенттік әрі перзенттік жауапкершілігін сезіндік

Тағы бір көңілге қонатыны, осы уақытқа дейін үстемдік құрып келген суперпрезиденттік басқару парламенттік жүйеге қарай ауа түспек. Бұл қоғам сұранысынан туындаған шешім деуге болады. Демек, парламентке ауыр жүк артылады. Мұны тәуелсіздік тарихындағы үлкен өзгеріске балаймыз. Оның үстіне, Президент еш партия құрамында болмауы керек деген кесім айтылды. Бұның облыс әкімдеріне де қатысы бар. Бұған дейін аймақ басшысы қай саяси партияға мүше не төрағасы болса, соған бүйрегі бұрып, тізім басында сол партия тұратын еді ғой. Әйтпесе, қай партия да халыққа қарсы емес қой. Президенттің туыстарын мемлекеттік қызметке, басшылық лауазымдарға жолатпау туралы шешімді де көпшілік көптен күтті дер едім. Мемлекет басшысы оны заңдастыру керек, тіпті Ата заңға да енгізу қажет деп отыр. Өз басым мұны өте дұрыс тұжырым деп табамын. Ел сенімі төмендей бастаған сайлау мәселесіне де мықтап ден қойылмақ. Саяси науқанның электронды мүмкіндіктерін арттыру, әділдігін барынша қамтамасыз ету мықтап қолға алынатынына зор сенім білдіреміз.
Ойымыздан шыққа кезекті мәселе – ұлттық құрылтай құру ұсыны. Ол қоғамдық диалог, пікір алмасу алаңы болады делініп отыр. Маңызды мәселелерді ел-халық болып, белсенділер қатынасып, тиімді шешуге күш жұмылдырады деп сенім білдіруге негіз бар. Жолдаудың тосын жаңалықтары қатарына Абай, Ұлытау, Алматы және Жетісу облыстарының ашылатынын қосуға болады. Қапшағай қаласына Қонаев есімін беру ұсынысын Президент қолдауға дайын екенін жеткізді.
Жоспарға алынған өзгерістер заңи тұрғыда қолдау болса, оған жол берілсе, кедергі келмесе, жауапкершілік болса, жемқорлық қол байламаса жүзеге асары сөзсіз. Бір қуантқаны –Ата заңымыздағы 30-дан астам бапқа өзгеріс енгізілгелі отыр. Одан тыс 20 жаңа заң қабылданады. Менің ұғымымда олар азаматтық қоғам құруға бағытталады. Ол, тиісінше, әртүрлі әлеуметтік топтардың қоғам жұмысына, ел билігіне араласуға жол ашады деп ойлаймын. Бұл мемлекет жүгін ел болып көтеруіміз керек дегенді білдіреді. Сөйткенде ғана Жаңа Қазақстан құра аламыз.
Қазір заманның күрделі екені бәрімізге аян. Сөйтсе де Қ.Тоқаев Президенттік әрі перзенттік міндетін сезіне отырып, мемлекеттің мүддесі жолында бар күшін салатынына сендіріп отыр. Барлығы халықтың сұрауымен, ұсынысымен, талап етуімен істеліп жатқанын айтты. Ел тілегін іске асыруға бел байлағанын осы Жолдауынан анық сезіндік.
Қалқаман ЖАҚЫП,
А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ профессоры