Сан тағдырға толы «АНАЛАР ҮЙІ»

Мақаланы жазбас бұрын осы жобаға қаржылай қолдау көрсетіп отырған жобаның солтүстік өңірлер бойынша үй-лестірушісі Мира Асылбекқызына жолықтық.


Біздің қаламызда екі үй ашылған. Алдын ала лайықты орыннан екі коттедж жалға алынып, барлық жағдай жасалған. Бұл балалар үйі емес. Сондықтан тағдырдың жазуымен танысып, бірге тұрып жатқан жас аналар уақытша болса да бұл жерді өз үйле-ріндей көрулері керек. Демек, тамақты өздері әзірлеп, киімдерін де өздері жуып, әдеттегі тіршілік қамын істейді. Ал тамақ, балаға қажетті киімдер, ойыншықтар бәрі-бәрі қарастырылған. Оның сыртында мед.маманы мен бала күтіміне қажетті көмекшілер де бар. Мұндағы бөлмелер кең болғандықтан бір бөлмеде үш анадан тұрады. Жылы орын, дайын тамақ десе де бұл уақытша мекен екенін ұмытпаған жөн. Бір жарым жылдың ішінде есін жиып, баласын да ауыздандырған нәзік жандылар бұл жерді босатулары қажет.


Әрине, некесіз бала туу кімге жарассын. Жанарларын төмен салған жап-жас келіншектер балпанақтай балаларын құшақтарына алған. Ал балаға қасында анасы болса болғаны. Олар үшін өзгенің қажеті шамалы. Былдырлап, еркелеп қолдан-қолға тұрар емес. Біз барған уақытта түс мезгілі болатын. Сәбилерін құшақтарына алған келіншектер түскі демалыс кезінде екен. Кіп-кішкентай бөбектерін көтерген аналардың тағдырлары сан қилы.
Надежда 32 жаста. Тұңғышы Диана жеті айлық болып дүниеге келген. Қарасу ауданынан осы жерге тап болған. Баланың әкесі баладан бірден бас тартыпты. Перзентханада ұзақ уақыт емделген жас ананың барар жері де жоқ еді. Ақ халатты жандар безбүйректік танытпады. Надеждаға осында баруға кеңес берді. Енді олар қаңтар айынан бері осы үйде жатыр. "Сенім артқан адамым бізден бірден бас тартты. Алғаш босанғанда ойыңа не келмейді. Паналап барар жерің болмағанда, балаң шырылдап жылағанда не істеріңді де білмей дал боласың. Баланың алдында ерлер де жауапты. Амал қанша. Қазір қызымның тәтті қылықтарын көріп, күш жинағандаймын. Жалғыз басты аналарға қолдау қашанда керек. Не болса да баламды тастамас едім" деп мұңаяды Надежда.
Жастайынан сүрінген Сәбина да ұлымен осы жерде. Таран ауданынан келіпті. Өзі ата-ананың мейірімінсіз жетімдер үйінде өскен жас қыз от басты. Аяғы ауырлағанда "мен әлі жаспын. Отбасын құруға әзір емеспін" деп тайып отырыпты жігіті. Дәрігерлер көмектесіп, осындай үйдің барын естіген өзі балалар үйінде өскендіктен баласының ондай қиындықты көргенін қаламады. Мүмкін мемлекет тарапынан баспана да тиіп қалар деген үмітте.
Жиырма жастаға Гүлмираның екі баласы бар. Екеуінің де әкесі жоқ. Жігіт бірге тұрды да үйленуден бас тартты. "Жігітім екі бала да өзінікі емес деп ойлайды. Енді қайда барарымды білмеймін. Еш жерде жұмыс істемедім. Бұрын бейімдеу орталығында тұрғанмын. Ата-анам қайтыс болды. Апаларым бар" дейді Гүлмира.
"Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетер" аруларымыздың тағдыры осындай, міне. "Қызға қырық үйден тыйым" деген аталы сөздің бүгінде ұмытылғалы қашан. Әйел баласы ана атануға жаратылған. Ал ер азаматтар ше? Дүниеге келген баласынан безінгендерді кім деп айта аламыз.
Еркектің алдауына көне салатын, солқылдақ саналы қыздар көбейіп кетті, өкінішке қарай. Алдамшы сезімнің көлеңкесінде қалып жатыр адалдық, махаббат, пәктік, ар деген ұлы қасиеттер. Оның ақыры осы көрініс. Осындай жайға келгенде түрлі пікір айтамыз, әрине. Немесе қызды ғана ғайбаттаумен шектеліп қаламыз. Қолымен істегенді мойнымен көтере алмайтын азаматтарды қайтпекпіз. Біз көрген сәбилер болашағымыз десек, қыз бен ұлдың тәрбиесін талбесіктен бастасақ болар.
Айтолқын
АЙҚАДАМОВА
Суреттерде: жобаның солтүстік өңірлер бойынша үйлестірушісі М.Асылбекқызы; аналар үйінде.
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.
Аналар уйiндеги кыздармен танысып арамыз жаксы болып жатса уйленип отбасын курсамба дим.озим 27жастамын.негизи ажыраскам