АРҚАНЫҢ ақтаңгер АҚЫНЫ

Жолбарыс қажы Баязид 80 жаста
 
Қазақстан Жазушылар одағы
Құрметті Жолбарыс қажы Баязид!
баязидҚазақстан Жазушылар одағы басқармасының секретариаты, барша қаламдас-әріптестеріңіз Сізді  80  жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтайды.
Сіз әдебиетке журналистиканың үлкен мектебінен өтіп барып келдіңіз. 1956 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітір-ген соң еңбек жолыңызды қазақ баспасөзінің қара шаңырағы "Лениншіл жастан" (қазіргі "Жас алаш") бастап, бұдан соң ұзақ жылдар бойы Қостанай облыстық газетінде, радиосында, Жан-келдин аудандық газетінде, облыстық мәдениет басқармасында, облыстық теле-радиокомпаниясында жауапты қызметтер атқара жүріп, ел өмірінің қыр-сырына қаныға түстіңіз. Кейіннен көркем әдебиетпен шындап айналыса бастағанда, осы өмірлік бай тәжірибе сізге көп көмегін тигізгені сөзсіз. Өлеңдеріңіздің ойлы да мазмұнды болып келуі осының жемісі болса керек. 1976 жылдан бері туындыларыңыз республикалық газет-жорнал беттерінде үзбей жарияланып келеді. 12  поэма, 16 баллада және жүздеген өлеңдерден тұратын "Жыр-ғұмыр", "Жыр-дүние", "Жыр мен сыр" атты үш томдығыңыз әдебиет сүйер қауымның іздеп жүріп оқитын қазынасына айналды. Қалың оқырман қауым Сіздің "Ақиқаттың ақ шыңы" атты көлемді толғау-жыр, дастандар мен өлеңдерден тұратын кітабыңызды, "Аққу сезім" деген таңдамалы жыр жинағыңызды да ыстық ықыласпен қабылдады. Ислам әлемінің қасиетті өңірлері саналатын Мекке мен Мединаға жеті мәрте қажылық сапарға барғаныңыз және Иерусалим мен Хеврон шаһарларында саяхатпен болғаныңыз "Санамды сілкіндірді Саудия елі" деген үлкен жыр топтамасын дүниеге келтіруі-ңізге қолайлы жағдай тудырды. Мұсылмандықтың бесінші парызы – қажылықты өтей жүріп "Алланың ақырғы Пайғамбары" деген кітабыңызды – діни дастаныңызды жазып жарыққа шығардыңыз.
Шығармаларыңыздың әуездігі-нен болу керек, жүзге тарта өлеңдеріңізге ән жазылды. 2004 жылы ән текстерінен тұратын "Махаббат оты сөнбейді" жинағыңыз жарық көрді. Ілгеріде "Қайнар" баспасынан үзбей шығып тұратын "Ауыл кеші көңілді" жинағының да тұрақты авторларының бірі болдыңыз. Сіздің өлеңдеріңізге жазылған әндер тек Қазақстанға ғана емес, Түркия, Қытай, Монғолия, Өзбекстан, Германия, АҚШ және Англия елдеріндегі қандастарымызға танымал.
Шығармашылық жетістіктеріңіз үшін 2004 жылы Қостанай облыс-тық Меценаттар клубының "Қазына" сыйлығын иелендіңіз. 2008 жылы "Астанаға – 10 жыл" медалі-мен марапатталдыңыз. Қостанай қаласының және Меңдіқара ауданының Құрметті азаматысыз. "Құрметті қажы" Алтын медалінің иегерісіз.
Құрметті Жолбарыс қажы Баязид!
Сізді 80 жасқа толуыңызбен шын жүректен құттықтай отырып, өзіңізге зор денсаулық, жаңа шығармашылық табыстар, отбасыңызға амандық тілейміз.
Құрметпен,
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Қазақстан Жазушылар одағы
басқармасының төрағасы.
 
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы
с женойҚұрметті  Жолбарыс  қажы БАЯЗИДҰЛЫ!
Сіз Қостанай өңіріндегі абыз ақсақал, Ислам дінінің жанашыры ретінде қыруар жұмыстар атқарып, кейінгі жастарды имандылыққа баулып келесіз. Оны қалың жұртшылық жақсы біледі. Қостанай қаласы мен Мендіқара ауданының құрметті азаматы атақтарының берілуі де Сіздің өміріңіздің мәнді де аса мағыналы болғандығын айғақтайды.
Діни іс-шараларда оқылатын үлкен тол-ғаныстан туған Сіздің жырларыңыз, ұлағатты сөздеріңіз жиналған қауымға қашан да ғибрат береді. Қаламыңыздан қаншама құнды кітаптар дүниеге келіп, жұртшылықтың рухани азығына айналды.
Отбасыңыздағы мерейлі сәт – 80 жылдық мерейтойыңызбен құттықтаймын. Деніңізге саулық, отбасыңызға бақыт тілеймін. Алла тағала екі дүниенің абыройын нәсіп етсін!
Ізгі ниетпен,
Қазақстан мұсылмандары
діни басқармасының төрағасы,
Бас мүфти 
Ержан қажы Малғажыұлы
Жолбарыс қажы жұбайы Зейнел қажымен Меккеде
 
Шайыр
Ақ қағазға өлең құйған өрнектеп
Ақынды –
Ақын жүру мерей құрметтеп!
Жолбарыстай қажы ағаның тұлғасы,
Былай болмақ көрсек сөзбен суреттеп:
 
Әлімсақтан өсіп-өнген өркені,
Тобыл-Торғай шайырының үлкені.
Тура алпыс жыл жырлауменен келеді,
Өзі туған осынау ұлы өлкені.
 
Көңілінің – жоқ ешкімге аласы,
Ақ пейілі – айнымаған даласы!
Ахаң-Жахаң,
Омар,
Нұрқан,
Мәриямның –
Секілді бір ерке кенже баласы!
 
Солар салған өлең жолын жалғады,
Солар құсап – ағыл-тегіл толғады.
Солар құсап – қаламынан бал тамып,
Солар құсап – биіктерге самғады!
 
Ардақты абыз ақсақал ғой бүгінде,
Арқалауда жырдың ауыр жүгін де!
"Әдебиет – ар ісі", – деп әспеттеп,
Келе жатыр оның алғы шебінде.
 
Алла,
Халқы,
Бес парызы – тірегі,
Отанының өркендеуі  – тілегі.
Шалқар шабыт кернегенде кеудесін,
Өлең болып өріледі жүрегі!
 
Түссе есіне сері шақтар, сал шақтар,
Көзінен жас сағыныш боп моншақтар.
Кітаптарын том-том етіп шығарды,
Жаза-жаза беріштенді саусақтар.
 
Жар болған жан-Жалғыз Ие – Құдірет,
Тұла бойы – тұнып тұрған қабілет!
Әлем оған өз үйіндей,
Қажылық –
Сапарға да барып қайтты жеті рет!
 
Соңғы жолы болдық аға қасында,
Көрдік бағы бар екенін басында.
Жетінші рет барды,
Шаршап-шалдықпай –
Артық-кемсіз 77 жасында!
 
Иә, біздер сол сапарға бір бардық,
Өн бойынан көп нәрсені аңғардық.
77 айналғанда Қағбаны,
Тіфә-тіфә, қайратына таң қалдық!
 
Бахрейнде,
Қайран Мекке,
Жиддада,
Бірге болып басқа мекен-жайда да
Қатар шығып Арафатқа алқынбай,
Қасымыздан табылды ол қайда да!
 
Шиырламай, шимайламай көп ізді,
Ақтай білді ағалық зор қарызды.
Қалай өтеу жолын бізге үйретті,
Бастан-аяқ қажылық бар парызды.
 
Ұққанымыз – тумысынан текті екен,
Ақ жүрегі, жау жүрегі – түкті екен.
Анау-мынау десе дағы біреулер,
Жөкең біздің мыңқ етпейтін мықты екен.
 
Қазағының ол дағы бір жыршысы,
Қай кезде де жақсылықтың жаршысы!
Жыр-роман жазды Мухаммед жайлы
Бір Алланың досы, әрі Елшісі!
 
Бұл еңбегін бағалады арабтар,
Олар әлі талай оны парақтар.
Түптің-түбі өз тіліне аударып,
Ақын жырын әр қырынан сараптар.
 
Шейх Сүлеймен – Зәмзәм зауыт иесі,
Тебіреніп, балқып жүйке-жүйесі:
"Ардақты ақын, – деді Ол, – Сізді әрқашан
Жүрсін жебеп Пайғамбардың киесі!"
 
Бұл сөзді естіп, біз де толқып, болдық шат,
Қуанды бірге барлық, алыс, жақын, жат.
Расулі жайлы толғамды жыр – кітабы
Оған деген шексіз мөлдір махаббат!
PS:
Беу ағасы, қоңыр үнді жырыңыз,
Туған елге шерткен жүрек сырыңыз!
Сіз секілді сексендегі серіге,
Айтар тілек: сау-сәләмат жүріңіз!
 
Қажылыққа біздерге де мол барыс,
Тілек-дұға оқуыңыз – заңғар іс!
Құтты болсын мерейтойың осынау,
Айналайын, ақын аға, Жолбарыс!
Хамитбек қажы Мұсабаев.
Аманкелді селосы.
 
 
Достичь возраста Джамбула
5 мая исполняется 80 лет журналисту и поэту Жолбарысу Баязид.
Знаю, что готовится разворот вашей газеты с поздравлениями юбиляру.
Я хочу присоединить к ним и свои пожелания. Мы учились в КазГУ с Жолбарысом примерно в одно время. Он – на журфаке, я – на геофаке. Рад, что он узнал счастье поэтического творчества. Желаю Жолбарысу достичь возраста Джамбула (для начала). Крепкого здоровья и конечно, авторского вдохновения на долгие годы!
Крепко жму руку юбиляру                         
Олжас Сулейменов.
 
Жасай беріңіз, жақсы аға!
Құдайдың маған берген бақыты шығар, өз ғұмырымда талай жақсылармен, жайсаңдармен жүздестім, пікірлестім, шапағатын көрдім. Олар мені еңбек адамы, ана, қазақтың қайраткер қызы деп сыйлап, құрметтеді, талай мәртебелі жиындардың төріне шығарды, марапаттады.
Талай ақын-жазушылар кітап жазды, жыр арнады. Поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова жазған "Біздің Кәмшат" атты  туынды үйімнің төрінде тұр. Өзімнің жақсы көретін ақын ағам Жолбарыс Баязид тамаша дастан жазып, оны кезінде 100 мың таралыммен шығатын "Жұлдыз" журналына жариялады, кейін кітабына енді.
Бүгіндер сексеннің сеңгіріне шыққан ақын ағаны қазақтың өлең өлкесінде өзіндік орны бар тамаша талант деп бағалаймын. Жолбарыс қажыға ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс, мықты денсаулық, бақыт-береке тілеймін!
Жасай беріңіз, жақсы аға!
Кәмшат ДӨНЕНБАЕВА,
Социалистік Еңбек Ері,
Қостанай облысының құрметті азаматы.
 
Сексендегі сері аға
Бұл 1988 жылы болатын. Мен жанұяммен, жұбайым Дарико, 7 жасар ұлым Біржанмен Қостанай облысының Аққайың санаторийіне келіп демалдық. Бұрын концерттік сапармен Қостанайда болғаным жоқ еді. Қостанайлықтардың алдында есеп беру концертімді берсем деген ойда жүретінмін. Бір жолы санаторияға Жолбарыс есімді аға келіп, сонда таныстық. Республикамызға белгілі болған ақын, журналист екен. Менің ойымды аңғарғандай Жолбарыс аға Қостанай қаласының еңбеккерлерімен, жастармен кездесейік, мен өзім алып жүрейін деп ұсыныс жасады.
Әуелі санаторийде демалып жатқан кісілерге шағын концерт, содан соң облыстық филармонияның басшысымен келісіп, Қостанай қаласындағы үлкен мәдениет сарайында қала тұрғындарымен кездестік.
Кездесу өте үлкен дәрежеде өтті. Осы іс-шаралардың барлығына мұрындық болып жүрген Жолбарыс ағамыз еді. Өзі сондай ақ жарқын, ақ көңіл екен, бәрін "айналайын" деп қолпаштап отыратын кең жүректі азамат екен. Сол аз күндердің ішінде Жолбарыс ағаның сөзіне мен  "Күн сәулелі Қостанай" деген әнімді шығардым.
Бұл ән алғашқы рет сол кездесулерде орындалды. Міне, осы бір творчестволық байланысымыздан шыққан әніміз бүгінге дейін әншілердің орындауында айтылып жүр.
Қаншама жыл кездеспесек те сол Жолбарыс ағаның ақ жарқын көңілі, кең жүрегі жадымда қалыпты. Құдайға шүкір, табиғат берген таланттың арқасында бүгінге дейін жемісті еңбек етіп, халқының құрметіне ие болып жүр.
Атап айтсақ, "Жыр-ғұмыр", "Жыр-дүние", "Жыр мен Сыр",  "Ақиқаттың ақ шыңы", "Аққу сезім", "Алланың  ақырғы Пайғамбары" жинақтары, сондай-ақ Қостанай қаласының "Құрметті азаматы" атағы, "Құрметті қажы" Алтын медаль иегері атанған сыйлы ағамызға творчестволық шабыт, бала-шағаларының қызығын көре берсін дегім келеді.
Құрметпен,
Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші-композитор ініңіз Ескендір ХАСАНҒАЛИЕВ.
 
2
Әсия БЕРКЕНОВА,
Қазақстан Республикасының халық ақыны
Жанартаудай жүректегі жыр-әні
Күдіре жал, күн қақтаған жотасын,
Қара нардай қасына ерген ботасы.
Сексен деген сеңгір тауға шықты нық,
Өнердегі өрендердің атасы.
 
Сексенде де сезім сергек, жыр-жақұт,
Тізге бүгіп қайратына тұр уақыт.
Бөтен сөзбен былғанбаған кәусарлы
Жыр шәрбатын қанып ішу бір бақыт.
 
Бай даладан тиген енші – дарын құт,
Жан-жүректі алаулатқан жалын ғып.
Қалқып ішіп ана тілдің қаймағын,
Сұлу сөзбен сусындады қалың жұрт.
 
Жас қырандай жанары әлі қырағы,
Жанартаудай жүректегі жыр-әні.
Жолбарыстың жырларымен өрнектелді,
Туған жердің өзен, көлі, бұлағы.
 
Теңіздейін терең тылсым, талғам бір,
Сәуле шашып шақырардай алдан нұр.
Сұлулықтың үкісіндей үлбіреп,
Аруларға арналды мол арман жыр.
 
Бағбандайын қаулап өскен бақшасы,
Абыройдың алауындай ақ шашы.
Туын тікті жырларының шыңына
Ақ махаббат – сезімдердің патшасы.
 
Толғауыңда бар найзағай, жасын да,
Жұртың әр кез балап келген асылға.
Ақын аға, ұзақ ғұмыр тілеймін,
Басын иіп, сәлім берер ғасыр да!
 
Жақсылықты жанына серік еткен
Қостанай мен Торғай өңірінде ұзақ жылдар журналистика саласында ерен еңбек атқарған ақын Жолбарыс қажы сексен жасқа толып отыр. Өзінің азаматтық парқымен, асыл сөздің ақ алмасын жарқылдатып, жақсылықты жанына серік еткен Жөкеңнің мен үшін орны бөлек. 1985  жылы әскери борышымды өтеп келген соң, сол кезде қазақ радиосында редактор болып еңбек атқарып жүрген Жолбарыс ағамыздың қол астында біраз жыл жұмыс істедім. Алдымен ағалық ақылын айтып, жастықтың желігіне еріп кетпеуіме көп көңіл бөлді. Бойымдағы шығармашылық қасиеттің ұшқынын көргендіктен де,  жұмыс барысында аудан мен ауылдардың өмірін, қалың елдің ішіндегі өнер қазынасын кеніштен қазып алғандай құлағыма құйып, бойыма сіңірді. Бір- бірімізге деген сыйластық сырластыққа ұласып, кейін арамызда әке мен баладай ғажап бір байланыс орнады. Менің ән мен күйге деген сүйіспеншілігімді үлкен өнерге ұластырған да Жолбарыс ағам. Сонау тоқсаныншы жылдары еліміз егемендік алған кезде ұйымдастырылған "Үкілі үміт" байқауында жеңімпаз атануыма Жөкеңнің "Арман жырым – арулар"атты әні сеп болғанын көзі қарақты көпшілік жақсы біледі. Ел арасында "Қыздарға әсемдік жарасады" деп аталып кеткен осы бір ән арқылы қалың қазаққа танылғанымды ағамның шарапаты деп білемін. Одан кейін де шығармашылық байланысымыз өз жалғасын тауып, өмірге бірнеше әндер келді.
Ақ дүние арайлы ашық күні,
Керуен көштей көрініп, асықтырды.
Жаулап алып жүректі өткінші өмір,
Мені дағы өзіне ғашық қылды, –
деп ағам айтпақшы, Жөкеңе еріп жүріп өмірдің қызық шақтарын тамашалап, талантымды ашып, шабытымды шыңдадым. Келмеске кеткен кеңес үкіметінің қазақ тілін тұншықтырып, талықсытқан уақытында Жолбарыстай ағаларымыз оны жан-тәнімен қорғап қалғанын енді ғана түсіне бастадық. Заманның зарын айтып, жырын жырлап, кейінгі ұрпағына тәлім-тәрбиесін, ұлағат дүниесін насихаттап жүрген Жолбарыс қажының қарымы талмасын, қайраты мен қуаты кемімесін, шыққан шыңы биік болсын дегім келеді. Сексеннің сеңгірін бағындырған абзал ағамыз тоқсанның тұғырына талмай жетуіне шын жүректен тілектеспін!
Қайрат Нұрғазин,
әнші-сазгер.
 
Крепко обнимаю
32 года тому назад, Вы отыскали меня на одной из строек Костаная, протянули мне руку дружбы, поддержали, вселили в меня уверенность в свои творческие силы, открыли двери своего дома, познакомили меня с казахскими поэтами Костаная,  радовались рождению моего сына Абая, написали прекрасные стихи, были тамадой на свадьбе дочери Сауле, опять написали приветствие в стихах. А разве можно забыть то, что мы вместе отстаивали Наримановское мусульманское кладбище от уничтожения? Мы сделали это! Творческое сотрудничество наше не прерывалось – Вы перевели мои стихи на казахский язык, я Ваши – на русский.
В преддверии Вашего славного юбилея я хочу от всего сердца поздравить Вас, пожелать крепкого здоровья, долгих лет жизни Вам и Зейнел-апай, пусть дети Ваши, внуки и правнуки приносят только радость и будут вам бальзамом духа и тела!
Крепко обнимаю Вас.
С глубоким уважением и почтением к Вам.
Абдрахман ДОСОВ,
почетный дипломат международного
литературного конкурса им.А.Н.Толстого,
двухкратный лауреат премии «Казына»
Костанайского клуба меценатов,
лауреат мушайры в честь Нуржана Наушабаева и т.д. поэт, переводчик.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓