Мүгедектер мүддесі – басты назарда
Облыс әкімінің мүгедектердің мәселесі жөніндегі кеңесшісі А.Дабылов Арқалық қаласының бірқатар әлеуметтік нысандарын аралап, ондағы атқарылып жатқан жұмыстардың барысына қанықты.
Облыс әкімінің кеңесшісі алдымен қаладан сыртқарырақ орналасқан психоневрологиялық орталықтың материалдық-техникалық базасымен танысты. Орталықтағылардың қарап отырғысы жоқ. Қолөнермен айналысып, спортпен шұғылданады. Музыка тыңдап, ән айтады. Қажетті барлық жағдайлар жасалған.
Мұнан соң А.Дабылов Родина ауылдық дәрігерлік амбулаториясы, "Жас-Ұлан" жасөспірімдер орталығы, А.Құнанбаев атындағы №6 мектеп, Арқалық теміржол вокзалы, мүмкіндігі шектеулі балалардың стационарлық бөлімдерінде болып, БАҚ өкілдеріне арнайы сұхбат берді.
– Нұралы Мұстафаұлының тапсырмасы бойынша әлеуметтік жұмыс орындарының жұмыстарымен танысып жатырмын. Қазіргі таңда Елбасының Жолдауына сай елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесіне көп көңіл бөлінуде. Мүгедектермен жұмыс жасау, мүгедектерді жұмысқа орналастыру, бейімдеу нысандары қарқын алуда.
Жақында мемлекет басшысы "Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл жағдайды мүмкіндігі шектеулі жандар көптен күткен болатын. Құқықтық-нормативтік заңнамаларға көптеген өзге-рістер енді. Бүгінгі таңда осы өзгерістерді ел арасына шығып түсіндірудеміз, – дейді Аслан Жұмағалиұлы.
Облыс әкімінің кеңесшісімен бірге қала әкімінің орынбасары Е.Маметеков және әлеуметтік салалардың басшылары еріп жүрді.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суретті түсірген автор.
Арқалық қаласы.