Кремний зауыты қашан салынады?

Былтыр пандемия Лисаковта кремний карбидін өндіретін зауыт құрылысын бастауға кедергі келтірді. Әйтпегенде, ресейлік "Бобровский кварцит" компаниясының бастамасымен, қытайлық алып кәсіпорынның технологиялық тұрғыдағы жобалауымен жаңа өндіріс қазығы қағылар еді. Шекаралардың жабылуы жоспарды іске асыруға тосқауыл болды.
Бірақ осы кезге дейін ресейлік компания жер учаскесінің құжатын рәсімдеу жұмыстарын реттеп қойған. Зауыт Майлино станциясы аумағында салынуы тиіс. Жобалық-сметалық құжаттары да рәсімделіп бітуге жақын.
Қала билігі де, "Бобровский кварцит" АБҚ басшылығы да зауыт құрылысын осы жазда бастап кетуге ниетті. Әрине, оның алдында өндірістің қоршаған ортаға әсері төңірегінде қоғамдық тыңдау өткізіледі.
"Әйткенмен Лисаков маңында зауыт салу жұмыстары жаңа қатаңдатылған Экологиялық кодекс талаптарына сай жүргізіледі, – дейді қала әкімі Алмат Исмағұлов. –  Кремний карбиді өндірісі, әлбетте, бюджетімізді толықтыра түсетін жаңа табыс қайнары болмақ. Оның үстіне, қалада 180 жаңа жұмыс орны ашылады".
Жоба иелерінің айтуынша, бұл өнім қай кезден-ақ аса үлкен сұранысқа ие саналады. Ресейліктер де, еуропалықтар да, Қытайдың өзі кремний карбиді тапшылығын сездіп отыр екен. Демек, болашақта лисаковтық зауыт тек экспортқа жұмыс істемек.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓