Облыста 32 мың билет сатылды
ЭКСПО-2017 көрмесі аясында өтетін барлық ауқымды іс-шаралар билеті түгелге жуық сатылды. Бұл туралы облыстық баспасөз мәслихатында жария болды.
Жалпы, облыс бойынша 32 мың билет сатылған. Тур агенттіктеріне билеттерді күштеп алғызғаны туралы шағым түспеген.
– Мәселен, құны 50-70 мың теңгеге дейін баратын, Пласидо Домингоның қатысуымен болатын Вердидің "Травиата" операсының билеттері өтіп кетті. Әртүрлі іс-шаралардың билеттерінің әуелгі бағалары 6-7 мыңнан басталып, соңында 50 мыңнан әрі асты. Қазіргі уақытта тек "Дю Солей циркі" мен жазғы КТК Кубогына ғана бос орындар қалған. Адамдар тарапынан сұраныс баршылық, – дейді "BEST kz" тур агенттігінің директоры Гүлмира Қапенова.
Ал Қостанай облысы әйгілі көрмеде 4 жобасын таныстырады. Олар – "Караман и К" ЖШС-нің органикалық қалдықтардан өндірілетін биогаз және электр энергиясы, "S.M.F. Sistem маталы емес материалдар фабрикасы" ЖШС-нің синтепон және геотекстиль өнімдері, "СарыаркаАвтоПром" ЖШС-нің Iveco гибридтік автобусы мен JAC электромобилі, "Тұрар" ЖШС-нің заманауи автоматтандырылған, энергиялық тиімді, "Карусель" сауын залы бар сүт кешені.
Мұнымен қоса, шетелдік туристерге Қостанай облысының Науырзым қорығы көрсетіледі. Қорық қонақтарын күтуге дайын. Жергілікті кәсіпкер таяуда соны талапқа сай қонақ үй салған. Жоспар бойынша, шетелдіктер үшін екі күндік авиатур ұйымдастырылады. Ұшақпен аралау, жатын орны мен ауқаттану үшін жан басы 510 доллар шығындайды. Жергілікті туристер қорыққа автокөлікпен бір күндік сапар жасай алады. Құны – 13 500 теңге.
Сондай-ақ, ҰОС ардагерлеріне және солармен теңестірілген азаматтарға, 7 жасқа толмаған балаларға, мүгедектерге билеттер тегін берілетінін айта кеткен жөн. Зейнеткерлер, оқушылар және студенттер билетті жарты құнына сатып ала алады. Өзге де сұрақтарға жауап алу үшін "Кассир Казахстана" ЖШС дүңгіршектеріне жүгінуге болады.