Ғылыми-практикалық конференция өтті
Бүгін, 17 қазанда Қостанай қаласындағы Наназарбаев Зияткерлік мектебінде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған «Ахмет Байтұрсынұлы: ақын, ғалым, публицист» тақырыбында ғылыми-практикалық конференциясы өтті.
Конференция 17-21 қазан аралығында облыс көлемінде өтетін қазақ әдебиеті апталығы аясында ұйымдастырылды. Негізгі шаралар кітапханалар, мектептер және қазақ драма театрының базасында өтті. Конференция мақсаты – Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілін дамытудағы қосқан үлесі, ғалым-ағартушының еңбектерінің маңыздылығы, ғылыми көзқарастының бүгінгі өмірімен сабақтастығы, педагогикалық саласында көрініс тапқан идеялармен таныстыру және насихаттау.Конференцияға өңірдегі белгілі танымал тұлғалар, ахметтанушы, ақын Серікбай Оспанов, филология ғылымдарының докторы, профессор Алмасбек Әбсадық, Қостанай педагогикалық колледжінің оқытушысы Биалаш Сүйінкина, І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Абылай Мауданов және педагогтер қатысты. Жиынның басты қонақтары Ұлт ұстазының өмірі мен еңбегін зерттеу бағытында баяндама жасап, көл-көсір мұрасы туралы тереңнен сөз қозғап, биыл мерейтой қарсаңында ұйымдастырылған "Ахмет жүрген ізбенен" ғылыми экспедициясының қорытындысы туралы айтып берді. Педагогтер қауымы да Ахаң еңбегін насихаттау, оқыту тұрғысындағы ой-пікірлерін ортаға салды. Конференция соңы секциялық жұмыстармен жалғасты.