Ауылдағы миллионер отбасы

Әлеуметтік желілер, интернет арқылы ақша табу дегенді естіген боларсыз. Мінекей, сол ғажабың ауылға да жетіпті. Аманкелді ауданы Жалдама ауылында Жұмағалиевтар отбасы тұрады. Бұл ауылда елу шақты үй бар. Ал адамдары шынымен еңбекқор екен. Біздің әңгімелегелі отырған отбасымыз YouTube каналы арқылы ай сайын 2-3 миллион аралығында табыс табады. Қызық иә!
Бұл жаңалықты алғаш болып Еуразия бірінші арнасы таратқан еді. Артынша кейіпкерді іздеп тауып, телефон арқылы сөйлестік. Интернеттен табыс табуды алғаш қолға алған осы отбасының тұңғышы Асланбек Жұмағали екен. Жиырма төрт жастағы азамат Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде оқыған. Ақпараттық жүйелер мамандығы бойынша техника ғылымдарының магистрі. Төрт ағайынды, бір інісі және екі қарындасы бар. Інісі мен қарындасы студент, Астана қаласында жоғары оқу орнында оқиды. Кенже қарындасы 6-сыныпта оқиды, ауылдағы ата-анасының қасында.
– Интернеттен ақша табуды 7-сыныпта, 2010 жылы бастадым. Бірінші айлық табысым 250 теңге болды. 2013 жылдан бастап Ютубпен жұмыс істеуді қолға алдым. Ютубтың алгоритмдерін зерделеп, жазылушыларды көбірек жинап, каналдың қаралымын арттыру үшін не істеу керектігін зерттедім. Бірнеше жылдан кейін, Қазақстандағы танымал блогердің біріне инстаграм, ютуб каналын дамытуға көмектестім. Уақыт өте келе неге біреуге көмектесіп жүрмін? Неге өзіме де жасап көрмеске деген ой келді. Сөйтіп 2019 жылы өзімнің ютуб каналымды жүргізуді бастадым. Канал «Человеческий организм» деп аталады. Бір жарым жылдың ішінде каналға 1 миллион адам жазылды,-дейді Асланбек.
Асланбектің YouTube каналындағы алғашқы видеосы 8 миллион қаралым жинаған. Сол жалғыз видеоның арқасында 174 мың адам каналға жазлып, 1 миллион 120 мың теңге пайда түскен. Бір айлық жалақыдан әлде қайда көп қаражат. Мұндай сумманы кез келген адам бір ай бойы жұмыс істесе де таба қоймас. Ал Асланбектің қолынан келді. Бәрекелді, дейсің іштей. Қазіргі заманның қалпы осы ғой. Өзгеден артық білімің болса, қарым-қабілетің мен ынтаң болса үйде отырып-ақ миллиондап табыс табасың. Бұл жаңа технология заманының жемісі. Ақыл-ойдың жеңісі.
– Алғашқы табыс әкелген видеоны жоғары оқу орнында оқып жүргенімде айфон 5s телефонымен жасаған едім. Қазір каналымдағы барлық қаралым санын қосатын болсақ, жалпы 68, 6 миллионды құрайды. Осы каналдың арқасында Ютубтың күміс батырмасын иелендім. Ол менің бала кездегі арманым еді. Бұл күміс батырма дегеніміз каналға жазылушылардың саны 100 мыңға жеткенде берілетін марапат. Алдағы уақытта 1 миллион оқырман жинағаным үшін маған Ютуб алтын батырма бермек. Қазір менің каналым айына 4 миллион теңгеге дейін пайда түсіреді. Табыстан бөлек бұл канал қолданушыларға пайдалы контент ретінде қызмет көрсетуде. Осындай жетістіктен соң інім мен анамды ынталандырып, оларға да жеке-жеке каналдарын ашып бердім,-дейді Асланбек Жұмағали.
Бұл күндері Асланның анасы «Ажар Қожахметова» деген атпен ютуб каналын жүргізіп, 7,8 мың қолданушы жинаған. Өз каналында дәмі тіл үйіретін тағамдардың рецептерімен бөлісіп, дайындалу әдістерін көрсетеді. Ал інісі TikTok желісінде 80 мың оқырман жинапты.
– Алғашқы миллионымды 21 жасымда интернет арқылы таптым. Басында үйдегілер мұны түсінбейтін. «Жұрттың балалары ай сайын еңбек етіп, жалақы алып жүр. Сен телфонмен ойнап отыра бересің», деп ренжитін. Қазір интернет арқылы табыс табуға болатынына көздері жетті. Менің табысымды көрген соң анам өзіне бөлек Ютуб канал ашуға келісім берді. Әрине, алғашқыда қорқыныш, қысылу болды. Ауылдың адамы ұяң ғой. «Жұрт көрсе не дейді?» деген сияқты шектеулермен елдің сөзінен, көпшіліктің пікірінен қашқақтағаны рас. Бірақ, қазіргі заман шынайылықты, табиғи болмысты қалайды. Осылайша анамның алғашқы видеосын түсіріп, жарияладық. Оны көрген таныстар «Ыдыс-аяғың ескі, оның не?» деп көңілге кірбің түсіргені де рас. Алайда, анамның кешкі ас әзірлеген сол видеосы 200 мың қаралым жинаған болатын. Бұрын біздің үйдегілер интернеттің пайдасын түсінбейтін. Қазір анамның карточкасына ай сайынғы табысы түсіп отырады. Ол үшін күнделікті әзірлейтін тағамдарының жасалу әдістерін видеоға түсіріп, ютубқа жүктейді. Бары сол,-дейді Асланбек.
Интернет арқылы миллиондап табыс табу дегенді біріміз түсінсек, енді біріміздің қауашағымызға сия қоймас. Бұл енді жаңа дәуірдің жетістігі. Қазіргі заманда қолыңызда жақсы смартфон мен интернет болса жеткілікті. Ауылда тұрасыз ба, қалада өмір сүріп жатсыз ба, ол да маңызды емес. Шалғайдағы шағын қыстақта отырып-ақ интернет арқылы табыс табуғы мүмкіндік бар. Барлық әлем халқы көретіндей, кәдесіне жарататындай видеолар, жобалар жасауға әбден болады.
– Өкінішке қарай, біздің ауылдағы интернет жұмыс істеуге қолайсыздық тудырады. Ауылда Қазақтелеком және Билайн 3G интернеті ғана бар. Екеуінің де жылдамдығы нашар. Файлдарды жүктеу жылдамдығы 0,2-0,5 мбит/с ғана. Бұл өте аз. Әлем бойынша орташа жүктеу жылдамдығы 11,88 мбит/с құрайды. Салыстыра беріңіз. Каналға бір видеоны жүктеу үшін 4-5 сағатқа дейін уақыт кетеді. Кейде салынып жатқан видео соңына дейін көшірілмей қалады,-дейді кейіпкеріміз.
Асланбек «Человеческий организм» деп аталатын өзінің ютуб каналында салауатты өмір сүру салтын ұстануды насихаттайды. Инстаграм желісіндегі «aslanbek.zhumagali» парақшасында Ютубта блог жүргізудің қыр-сырымен бөліседі.
– Мен Ютуб каналымды өзімнің жұмысым ретінде қабылдаймын. Басқа адамдар күнделікті жұмысқа барып келеді ғой. Ал мен күнделікті уақытымды бәсекелестерімді зерттеп, аудиторияның талғамын, трендтегі тақырыптарды қадағалап отыруға арнаймын. Түскен пайданың арқасында қымбат және жаңа техникаларға қол жеткіздім. MacBook Pro 16 ноутбугін 1,5 млн.теңгеге, камераны 2,2 млн.теңгеге, дронды 525 мыңға алдым. Бұған қоса ұсақ-түйек техникалар бар. Блогер болғысы келетіндерге кеңесім, қызығушылығыңыз болса қорықпаңыз. Қарапайым смартфонмен де қызықты нәрсені жасауға болады, -дейді Асланбек Жұмағали.

You may also like...

1 Response

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓