Тазы жүгіртіп, түлкі алған

Құсмырын табиғаты өңіріміздің оңтүстік шығыс беткейіндегі Торғай үстірті мен Аманқарағайдағы орман алқабына жетеқабыл аумақты алып жатқан түрлі өсімдік, аң-құсқа бай орын. Маңайында ағып жатқан Обаған өзені, жағалай таң-тамаша көлдерінен минералды заттардың алуан түрі табылады. Бір сөзбен айтқанда, ежелгі қазақ салтымен тазы жүгіртіп, құс салуға таптырмайтын мекен. Оған Айдын мен достары Бекзат, Бағдат, Рахаттардың талай көзі жеткен-ді.
"Тазының негізі екі түрі болады. Жарғақ тазы, шашақ тазы. Екеуінің түр-түсі бір қарағанға бірдей болып көрінуі мүмкін. Көбіне айыра алмай жатады. Жарғақ тазының үсті тықыр келеді де, шашағының қылының ұшы  шашақталып бітеді. Жылдамдық қабілетінде онша айырмашылық бар деп айта алмаймын. Екеуі де алыс жолға бейім, ұстаған жерінен айырылмай басып қалуға аса икемді. Қолымда қазір екі жарғақ тазы бар. Ұстаумен айналысқаныма екі жылдай уақыт болды", – дейді Айдын Ділдәбеков. 
Бір күні Бекзат досының тазы жүгіртіп жүргенін көреді. Дәл бүгінгідей қыс мезгілі болатын. Нағыз қазақтың қансонары, шымылтыр аяз түсіп, қазіргі тілмен айтқанда, аңның із салғаны бірден білініп тұратын уақыт. Бұлар алғаш рет аңға шықты. Алдарынан жүгіріп өте шыққан қоянға жас тазы тұра ұмтылды. Қашып бара жатқан анау да кәнігі жүйрік екен, жеткізбеді жануар…
"Мені осы бір ғаламат көрініс өзіне тарта берді. Досымның: "тазы ұста, бізге еріп сейіл құр" деген  ұсынысы жағып бара жатты. Нағашысы Сайлау ағайдан тазы алдырып, әкеп берді. Кейін тағы бір тазы алдым. Қанжығамыз майланып талай рет түлкі, борсық аулап жүрдік. Арамызда Бағдат досымыз да бар, Қарасу жағында тұратын Сайлау ағайлар былтыр жазда осы Құсмұрынға қоныс аударды. Баласы Рахат та бізбен бірге тазы жүгіртіп, түлкі аулап жүр. Бұл қазақтың қанына әбден сіңген өнер, бабаларымыздың ата кәсібі. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтың сирек кездесетін жеті қазынасының тұқымын жетілдіріп, сақтауға қолдау көрсетуде. Қазір ауылды жерде бос жүрген жастарымыз көп. Бабаларымыздың салып кеткен жолы осылай туризмге ұласса құба-құп болар еді", – дейді Айдын.
Аңға атпен барғаннан гөрі жаяу аттанғанды қолайлы көретін Айдынның жасы биыл он алтыға енді шығады. Қазақ өнерінің өрісін өрге сүйреп келе жатқан өрімдей жастың болашағы әлі алда. Талай асуды бағындырарына сеніміміз кәміл!
Айбек Ғалымұлы.
Суреттер А.Ділдәбековтің жеке альбомынан.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓