Жүктеме азайып, жаңаша серпін алмақ

Бүгінгі таңда Қостанай ауданындағы 52 елді мекеннің 18-і орталықтандырылған табиғи газбен қамтылған. Дружба кентінде былтырдан бері салынып жатқан автоматтандырылған газ тарату станциясы іске қосылса, басқа да ауылдар көгілдір отынға қосылады деп жоспарланып отыр.
Жыл басындағы мәліметте Қостанай ауданы елді мекендерінің 64 пайызы газдандырылғаны айтылады. Қосылған абоненттер 14 мыңнан асады. Ауданда 71 мыңнан артық адам тұрады десек, соның 46 мыңнан көбі табиғи газды пайдаланып отыр деген сөз. Ал қалған ауылдарды газға қосуға қызмет көрсетуші компанияның әзірге техникалық мүмкіндіктері жетпей тұр.
2021 жылы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қостанай өндірістік филиалы «Табиғи монополиялар туралы» 2018 жылғы 27 желтоқсандағы №204-VI Қазақстан Республикасы Заңының 24-бабы 12-тармағының негізінде, Қостанай қаласының ГТС-2, ГТС-3 қосылған станциялардың 100% жүктелуіне байланысты, газ тарату желілерін жобалауға және қосуға, техникалық шарттарды беруге өтініштерді қабылдау тоқтатылды. Осыған сәйкес «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қостанай ауданы тұрғындарының газбен қамту әзірге мүмкін емес деген тұжырымға келді. Бұл мәселені шешу үшін облыс басшылығы Дружба кентінде жаңа автоматтандырылған газ тарату станциясын (АГТС) салуға қаражат бөлді.
«Нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарына 3,3 млрд теңге қаралған. Жұмыс 2021 жылғы мамыр айында басталған, биыл желтоқсан пайдалануға беріледі. Станция сағатына 150 мың текше метр газ таратады», – деп атап өтті Қостанай аудандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Қанат Бекбергенов.
Дружбада салынып жатқан жаңа АГТС осы саладағы мәселені бірыңғайлауға көп көмегін тигізері сөзсіз. Мұнда табиғи газды пайдаланатын халық санын 80 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Аталған нысан іске қосылса, алдымен Талапкер, Рыспай, Айсары, Половников, Қостомар, Осинов, Абай, Новоселов, Молоканов, Нечаев, Надеждин, Воскресенов ауылдарын қосу жоспарланған.
Бөлім басшысы жақында облыс көлемінде болатын кешенді жұмыс туралы да ескертіп өтті. «1-15 тамыз аралығында «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Қостанай» МГҚБ «Қарталы-Рудный» магистралдық газ құбырын жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бұл жұмыстар облыстың барлық тұтынушыларына газдың апатсыз және үздіксіз берілуін қамтамасыз етуге бағытталған. «Қарталы-Рудный» магистралды газ құбыры осы күнге дейін бір тармақты етіп салынған, 1965 жылдан бастап 57 жыл бойы үздіксіз пайдаланылып келді. ҚР пайдалануға берілген алғашқы газ құбырларының бірі. Жөндеу жұмыстары 14 күн ішінде аяқталып, магистральды газ құбырын толтыруға және ГТС (газ тарату станциясы) іске қосуға қосымша 1 күн кетеді», – деді Қанат Бекбергенов.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓