Озық арнаға отыз жыл!
Астықты өңірдің тыныс-тіршілігінен хабардар етіп келе жатқан облыстық «Qostanai» телеарнасының құрылғанына 30 жыл толды. Телеарна тұңғыш рет 1991 жылдың 1-ші ақпанында хабар тарата бастаған еді. Содан бері шығармашыл ұжым талай бел-белестерден өтті.
Телевизия саласында жиырма бес жылға жуық еңбек етіп келе жатқан Қазақстанның құрметті журналисі Күлтай Әбдірахманованың айтуынша, облыстық «Qostanai» телеарнасы 30 жылдың ішінде нағыз кәсіпқойлар шеберханасына айналды.
– Сегіз жылдай газетте еңбек етіп, телеарнаға ауыстым. Содан бері көп нәрсе өзгерді, қандай қиындықтарды да бірге көріп келеміз. «Qostanai» қабырғасынан ондаған қарымды қаламгер, республикаға есімдері белгілі журналистер өсіп шықты. Олар бүгінде еліміздің беделді басылымдарында, электронды бұқаралық ақпарат құралдарында абыройлы еңбек етіп жүр. Қара шаңырағымызда ұрпақтар сабақтастығы жақсы қалыптасқан. Арнамыздың аяғына нық тұруына Бақытжан Нұрмұхамедов, Нұрхан Ислямиев, Әуесхан Мадин, Қуанышбай Орманов, Жанұзақ Аязбеков сынды ағалардың еңбегі көп. Мықты директорлардың бірі болған Елена Штиновадан алғанымыз көп еді. Сюжетті қалай сауатты жазуды, стандарт бойынша жұмыс істеуді осы Штиновадан үйрендік. Міне, осы кісілердің көргерімізді жас буынға қалдырып отырмыз.
Бұлардың өзі қазір кәнігі тілшілер. Аға буынды айтпағанда, кейінгі жастар Абылай Мауданов, Гүлжан Марқабаева, Алла Гаврина, Зылиха Сүлейменова, Азамат Нұғыманов, Жансая Қожахметова, Нұрқанат Нүсіпхан, Бауыржан Бөгенбайлар өзіміздің ұстаханадан қанат қақты. Бізден түлеп шыққан Еркін Таңатқанұлы «Qazaqstan» телеарнасында басшылықта, ал Ербол Ипбергенов өзіміздің «Qostanai» арнасының директоры болып отыр. Шәкірттеріміздің республикада беделі бар. Мұны талай жобаларда өздерінің білік-білімімен, тәжірибесімен дәлелдеп жүр. Бізден шыққан жастардың аяқ алысы қуантады, – дейді Күлтай Камалқызы.
«Qostanai» телеарнасының 30 жылдығы қарсаңында Күлтай Әбдірахманова «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасымен марапатталды. Мұндай құрметке редактор-жүргізуші Лина Карелина да бөленді. Ол «Халық алғысы» медалінің лайықты иегері атанды.
Алғаш ашылған жылдары телеарна небәрі 20-40 минуттық жаңалық хабарларын таратумен ғана шектелетін. Үш онжылдық ішінде күш-тәжірибе жинақтаған жергілікті арна қазір тәулігіне 14 сағат эфирге шығып, уақытпен санасқан заманауи ақпарат орталығына айналды.
– Теларна хабарлары облыс аумағының 98 пайызын қамтиды. Қазір техникалық тұрғыда жетістіктеріміз жақсы. Цифрлық форматта хабар тарататын мүмкіндігіміз бар. «Отау ТВ» желісіне қосылған әр адам «Qostanai» арнасын қарай алады. Жаңа маусымда жаңа бағдарламаларымызды ұсындық. Көрермен жақсы бағасын беріп жатыр. Жаңағы 14 сағаттың 60 пайызы өзіміздің төл өнімдеріміз. Бұған қоса телеарнаның ресми сайты жаңарып, жақсарып қалды. Бірақ, бұл жұмыстар жалғаса береді, – дейді телеарна директоры Ербол Ипбергенов.
Тоқсаныншы жылдары Қостанай облысының әкімі болған Кенжебек Укиннен өңірдегі тұңғыш телестудияның ашылуы туралы сұраған едік.
– 1992 жылы тұңғыш рет облыстық телестудия ашылды. Ол кезде облыстық Кеңестің төрағасы Николай Князев еді. Өзге өңірлердің басым бөлігінде телехабарлар тарату орталығы бұрыннан бар. Дәл осындай орталықтың біздің өңірге де қажеттілігі сезілді. Бірақ, Қостанайда бос ғимарат болмады. Мен сол уақытта ҚР Ақпарат және байланыс министрі болған Қуаныш Сұлтановты жақсы танитынмын. Бұйымтайымды сол кісіге айтып едім, өтінішімді жерге тастаған жоқ. Содан бірде қазіргі Қайырбеков көшесінің бойында орналасқан телемұнараның маңайын қарап жүрсем, жол құрылысы мекемесінің кеңсесі бос тұр екен. Алматыдан арнайы мамандарды шақыртып, әлгі нысанға телестудия жабдықтарын орнатқыздық. Осылайша, облыстық телеарна өмірге келген еді. Көпке ұзатпай оны салтанатты түрде ашып бердік. Бұл облыстарихындағы елеулі оқиға болғаны сөзсіз, – деді Кенжебек Үкіұлы.