Жыл келгендей жаңалық еді
Шынымды айтсам, бұл өзі жыл келгендей жаңалық болды. Әлгі Мәскеудегі Останкино телемұнарасын Никитин деген ғалым бір түнде жобасын дайындапты дейді. Сол секілді 1991 жылы ақпан басталған бір күннің ішінде таңшолпандай жарқ етіп тұңғыш телеарна шықты! Қостанайлық дикторлар Рымкүл Ысмаилова мен Алла Ломованың бейнесін экраннан көре сала туған-туыс, дос-жарандары бас салып құшақтап, құттықтай жөнелген.
Орда бұзар отыз жылда телеарна небір шырғалаңды бастан өткерді. Себебі, облыстық телеайна тақыр жерге түрен салды. Сонау қияндағы Балтық жағалауындағы Шаулядан, күншығыстағы Владивостоктан, Алматыдан тележабдықтар айлап-жылдап тасылды. Техникалық мамандар да шет жақтан тартылды. Сайдың тасындай журналист жігіттер мен қыздар еліміздің түкпір-түкпірінен келді. Олар тайсалмай,табандылық көрсетті.
Телеотауды құрушылардың бойындағы бір қасиет –құштарлық еді. Иә, кәдімгі телевизияға деген айрықша ықылас. Өйткені, бұл сол кездегі тың дүние, таңсық кәсіп. Соған қарамастан білекті сыбанып жіберіп, күндіз-түні дамыл көрмей қызмет істеді. Сол тұстағы басшылар, бүгінде марқұм Нұрхан Ислямиев, Бақытжан Нұрмұхамбетов, Валерий Асташов, Әуесхан Мадиндер ұжымды ортақ іске жұмылдыра білді. Тілшілер қиыр-қияндағы ауылдан, тау- кен шыңырауларынан телерепортажар жүргізді. Дельтопланмен де, АН-2 ұшағымен де сайын даладағы егін алқаптарын, карьерлердің қойнауын таспаға түсірдік. Қала мен аудандардан телекөпір, телемарофондар өткіздік.Домбырашылар мен баяншылардың телефестивалі көрермендердің көзайымына айналды. Қостанайдың орталық стадионынан футболдан тікелей репортаждар эфирге шықты.2001 жылы менің «Қазақ тұлпары» атты телехабарым Мәскеудегі телефизиялық Евразия телефорумына қатысып, атап өтілді. 2008 жылы телекомпания республикалық «Дидар» фестивалінде топ жарып, Гран-приді жеңіп алды. Айта берсек,ұжымның қол жеткен табыстары, бағынбырған биіктері қомақты.
Бүгінде телекомпания төрт аяғын тең басқан, тайпалас жүйріктей жұтынып тұрған шағы. Өңір ақпарат кеңістігінде айдарынан жел ескен заманауи ұжым.
Орда бұзар 30 жылдық телетойымызбен ұжым мен барша қостанайлықтарды құттықтаймын.
Жанұзақ Аязбеков, «Қостанай таңы» газетінің
редакторы, Қазақстанның Құрметті журналисі.