Ашық есік күні өтті
Бүгін “Нұр Отан” партиясының Қостанай облыстық филиалында өткен ашық есік күні аясында “БЖЗҚ” АҚ облыстық филиалының мамандары болашақ зейнетақыны жоспарлау бойынша ақпарат беру-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ шараға мемлекеттік/мемлекеттік емес органдардың: тұрғындарға әлеуметтік қызмет көрсететін қоғамдық бірлестіктер, “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы және мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының өкілдері қатысты.
Мамандар ашық есік күніне келушілерге мобильді қосымшаның мүмкіндіктері туралы әңгімеледі. Мәселен, қордағы жинақ ақшаңыздың жай-күйімен үнемі хабардар болып отыру үшін ұялы телефоныңызға Қордың ENPF мобильді қосымшасын жүктеп алуыңызға болады. Онда push-хабарлама қызметі бар. Оны пайдалану үшін қосымшаның “Баптау” бөліміне кіріп, (push-хабарламаны қосу/өшіру) осы қызметті іске қоссаңыз болды. Сонда зейнетақы шотыңызға міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары келіп түскен сәтте, экранда пайда болатын қысқаша хабарлама Сізге бұл туралы хабарлап отырады. Қор мамандары зейнетақы калькуляторы туралы да түсіндіріп өтті. Осы арқылы болашақ зейнетақыңыздың болжамды мөлшерін есептеуге де болады екен. Сол себепті де ашық есік күніне келгендер бұл қосымшаны шара барысында телефондарына жүктеп алып та жатты. Бұдан басқа, азаматтар ерікті зейнетақы жарналарына да қызығушылық танытты. Жалпы, шараға қатысушылар тек күн тәртібіндегі тақырып бойынша ғана емес, жинақтаушы зейнетақы жүйесі мен Қор қызметі, сонымен қатар өздерінің жинақтары туралы да сұрақтарға тұщымды жауап алды. Қор мамандары “Жинақтар құнсызданып кетуі мүмкін” деген қауесеттің де шындыққа жанаспайтындығын алға тартты.
-Жинақтаушы жүйде мұндай жағдай орын алуы мүмкін емес. Өйткені мұнда әрбір салымшының атына жеке зейнетақы шоты ашылады. Оған зейнетақы жарналары мен инвестициялық табыс түсіп отырады. Бұған Қор сайтының жеке кабинеті арқылы көз жеткізуге болады. Жинақ ақша әрбір салымшының меншігі. Оның үстіне біздің елімізде зейнетақы жинақтарының сақталуын қамтамасыз ететін бірегей модель жұмыс істейді. Соған сәйкес мемлекет инфляция деңгейін ескере отырып, жарналардың міндетті түрлерінің нақты енгізілген мөлшерінде сақталуына кепілдік береді, – дейді филиал директоры С.Қозбақова.
Ашық есік күні соңында барлық қатысушыларға арнайы бағалау сауалнамасын толтыру ұсынылды. Мамандар сауалнамада келтірілген пікірлер мен ұсыныстардың барлығы ескерілетіндігін айтады.