ВАКЦИНА vs ВИРУС
1 ақпаннан бастап Қазақстанда Sputnik V вакцинасын ерікті түрде егу науқаны басталады. Ресеймен екіжақты келісім негізінде ақпан айында екпенің 112 мың дозасы сатып алынса, наурызда – 150 мың, сәуірден маусымға дейін ай сайын 600 мың доза жеткізіледі.
QazCovid-in аталатын отандық вакцинаның 75 мың дозасы сәуір айында емдеу мекемелеріне таратылады. Сала министрлігі оның көлемін ай сайын көбейтіп, 500 мың дозаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі Қостанай облысына вакцинаның 1200 дозасы әкелінгенін хабарлады. Вакциналар өңірдің барлық аудан-қалаларына жеткізіледі.
«Сақтау температурасы минус 20 градус және одан төмен 120 бірлік мұздатқыш жабдық сатып алынбақ. Бұл бір мезгілде екпенің 73 мың дозасын қабылдауға мүмкіндік береді. Вакцинаны облыстың шалғай аудандарына тасымалдау үшін авторефрижератор және салқындатқыш элементтері бар 100 термоконтейнер сатып алынады. Сонымен қатар, бүгінгі таңда көлемі 2-ден 50 литрге дейін жететін 817 термоконтейнер бар», – деп мәлімдеді коронавирусқа қарсы жедел штаб өкілдері.
Бірінші кезекте егілетіндер: инфекциялық стационарлар мен жедел жәрдем қызметкерлері, полицейлер, әскерилер және коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген басқа да мамандар. Вакцинациялау кезінде жұртшылықтың денсаулық жағдайы мен жасы ескеріледі. Мысалы, екпеге аллергиясы барлар, жүкті және емізетін баласы бар әйелдер, 18 жасқа дейінгілер және 65 жастан асқандар егілмейді.
Егер науқастың дене қызуы 37 градустан асса, кейінірек егілуге болады. Бірақ вакцинаға қарсы көрсеткіштері немесе созылмалы аурулар болмаса, онда вакцина мәселе тудырмауы керек. Вакцинация 2 кезеңде салынады. Бірінші компонент пен 21 күннен кейін егілетін екінші компоненттің дозасы да 0,5 мл ғана.
Covid-19-ға қарсы Sputnik V вакцинасын шенеуніктер де салдыра бастады. Алғашқылардың бірі болып, 1 ақпан күні ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов пен Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният Нұр-Сұлтан қаласының №6 емханасында егілді.
«Ең алдымен, тексеру жүргізіп, анамнез алынып тасталады. Температураны, қан қысымын өлшеп, жұтқыншақты тексереді. Содан кейін дәрігер вакцинация салдыруға рұқсат береді. Ақпаратпен танысқан соң, ерікті түрде құжатқа қол қоясың. Міне, осы ғана. Мен әзірге ешқандай жайсыздық сезініп тұрғаным жоқ», – деді Қиясов вакцинациядан кейін журналистерге берген сұқбатында.
Оның айтуынша, вакцинаға қарсы әсер туындаса, оны өндіруші де, медицина мекемесі де жауап береді. Жауапкершілік бәріне бірдей. Денсаулық сақтау министрлігі әр жағдайды жеке-жеке зерттейді. Өңірлердегі денсаулық сақтау басқармалары жанынан осындай жағдайларды зерделеу үшін арнайы комиссиялар құрылмақ.
Sputnik V – әлемде алғаш тіркелген вакцина. Ол адам аденовирусы векторының жақсы зерттелген платформасына негізделген. Қазіргі уақытта аталған бренд Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізіміндегі ең жақсы деген вакциналардың ондығына кіреді. Ресейде жүргізілген тіркеуден кейін Sputnik V клиникалық зерттеуіне 40 мың ерікті қатысқан. Клиникалық сынақтар БАӘ, Үндістан, Венесуэла және Беларуссияда да жарияланды. Көптеген зерттеулерде вакцинаның қорытынды нәтижесі 91,4% көрсеткен. Ал коронавирус инфекциясының ауыр жағдайларына қарсы тиімділігі – 100%.
Бүгінге дейін аталған екпенің 1,2 млрд астам дозасын сатып алуға өтінімдер 50-ден астам елден келіп түскені жарияланып отыр.
Вакцина алғашқы кеңестік ғарыштық спутниктің атымен аталған. 1957 жылы «Спутник-1» кемесі әлемдік қауымдастық үшін «Спутник сәті» деп аталатын бүкіл әлемдегі ғарыштық зерттеулерге жаңа серпін берді.
Қазіргі таңда әлем елдерінде 200-ден астам covid-19 вакциналары жасалып жатыр.
Аслан ҚАНҒОЖИН
Суреттер облыстық ДСБ баспасөз қызметінен алынды