“E-commerce” – кәсіпкерлер қамқоры
Қостанайда электронды сауда орталығы пайда болды. Ол жергілікті кәсіпкерлерге көмек көрсету үшін ашылды. Егер қандай да бір бизнесмен немесе ұйым өз ісін оффлайннан онлайн форматына аударғысы келсе, жаңа орталық оларға мұны жүзеге асыруға тыңғылықты кеңес береді. Орталықтың ашылуына облыс әкімі А.Мұхамбетов қатысты.
"Қазпочтаның" Қостанайдағы бөлімшесі өздері үшін заманауи қызметтің жаңа сатысына көшті. Жалпы, мұнда электронды жаңашылдықтар жеделдікпен енгізілуде. Олардың әрқайсысы аймақ басшысының өзін таңдандырып отыр. Мәселен, солардың бірі – клиенттердің кез келген сауалына жауап беретін Сәуле есімді виртуалды кеңесші.
"Қазпочта" бөлімшелерінде ашылған "E-commerce" жаңа кеңсесінің қызметкерлері қатарына Сәулені де сеніммен қосуға болады. Бұл шағын және орта бизнес өкілдеріне қолдау көрсету үшін жұмыс істейді.
"Бұл электронды сауда орталығы. Ісін онлайн режимге ауыстырғысы келген кез келген кәсіпкерге осы алаңда жан-жақты кеңес ала алады. Мұнда интернет-дүкен сайттарын жасаушыларының консультациялық қызметін алуға, бизнеске арналған лендингті, тізімдемелерді жетілдіругемүмкіндік бар", – дейді "Қазпочта" АҚ ҚОФ бизнес жөніндегі директорының орынбасары Абылайхан Дауылбаев.
Жаңа орталық кеңсесінде "Қазпочтаның" ірі әріптес компаниясының өкілі бар. Ол маман жүгінуші клиенттерге виртуалды көмекшіден де кеңірек мағлұмат бере алады. Сондай-ақ мұнда заңды тұлғаларға қызмет көрсету аймағы ашылған. Кеңсеге ірі көлемді ақша беретін және қабылдайтын аппарат та орнатылған. Орталықтың тағы бір жаңашылдығы – электронды сауда алаңы.
"Қазан айында "PostMarket" атты "MarketPlace" пилоттық жобасы іске қосылған-ды. Бұл – біздің өндірушілер өз тауарларын бүкіл Қазақстан бойынша онлайн форматында саудаға шығара алатын онлайн-алаң. 1 шілдеден бастап "MarketPlace" толық жұмысқа кіріседі деп жоспарланып отыр", – дейді А.Дауылбаев.
"PostMarket" –өткен жылы іске қосылған қанатқақты жоба. Ол елдің үш қаласында – Нұр-Сұлтан, Алматы және Қостанайда сынақтан өтуде. Бұл алаңды бұған дейін арнайы киімдер жеткізумен айналысатын қостанайлық кәсіпкердердің бірі қолданып көрген, ол енді өз цехын кеңейтуді көздеп отыр. Өйткені жаңа алаң оған ел көлемінен жаңа тұтынушыларды тауып беруге көмектеседі.