Бүгін Қостанай қаласында тұрғындардың маска режимін сақтау деңгейін қадағалау мақсатында кезекті рейд өтті. Мониторинг тобы бұл жолы облыс орталығындағы қоғамдық көліктер мен халыққа қызмет көрсету орталықтарына барды.

Соңғы күндері өңірде коронавирус инфекциясын жұқтыру көрсеткіші күрт өсіп кетті. Өткен сенбі күні 177 адамнан індеттің табылуы "кері рекорд" болып тіркелді. Бұл монтиторинг топтары қоғамдық жұмысты барған сайын күшейте түсіп, қамту шеңбері ұлғая береді деген сөз. Бүгін облыс әкімдігінің өкілдері учаскелік және жол-патрульдік полицейлермен, БАҚ өкілдерімен бірлесіп, облыс орталығында рейд өткізді. Топ мүшелері екіге бөлініп, бір бөлігі ХҚКО-ларды бетке алса, екінші жартысы қоғамдық көліктерге "торуыл құрды".

"Бізге берілген тапсырма бойынша, бүгін және ертең, яғни 25-26 қаңтарда аталған нысандарда ақпараттық-түсіндіру, ескерту жұмыстары жүргізіледі. Ал одан ары талап бұзған тұлғаларға хаттама толтырылып, тиісті жаза қолданыла бастайды. Мақсат – тұрғындардан қоғамдық көліктерде, халық көп жиналатын мекемелерде маска режимін сақтауын талап ету", – деп түсіндірді рейд басында топ жетекшісі Илона Тимошенко.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков