Үлкен қажылыққа аттанбақ
Алматыда «Халық арена» спорт кешенінде қазақ күресінен IV республикалық чемпионат мәреге жетті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының жүлдесі үшін өткізілген турнирде Қостанай облысының балуаны Дәулетхан Қосмағанбет бірінші орынды иеленді.

Әр өңірден іріктеліп шыққан 59 балуанға Бас мүфти Ержан Малғажыұлы, қазақтың даңқты балуаны Жақсылық Үшкемпіров, «Alem Fighters» кәсіпқой спорт клубының президенті Ардақ Назаров сәттілік тіледі. Жарыстың ашылу салтанатында Бас мүфти қазақ күресінің мән-мазмұны, жалпы ұлттық спортты насихаттау турасында сөз айтты.

Қорытындысында жеңімпаздар үлкен және кіші қажылықтарға жолдамалар алып, қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Дәулетханның айтуынша, бұл чемпионаттың маңызы зор, жауапкершілігі әлдеқайда жоғары.
– Кілем иесі – алматылық балуаннан бөлек, Қызылорда мен Шымкенттің спортшылары жақсы дайындықпен келген. Әсіресе, финалда кездескен атыраулық Мәлік Төлешевтің шеберлігін бұрыннан білетінмін. Республикалық турнирлерде белдескенбіз. Әрқайсысының әдіс-тәсілдері әр түрлі. Сондықтан бапкерлердің нұсқауы көмекке келді. Атақты Жақсылық Үшкемпіровтің алғысын алған бізде арман жоқ. Бұл жеңісімді отбасыма және бапкерлеріме арнаймын, -деді ол бізге берген сұхбатында.



Қасқырбай Қойшыманов